Алакөлге пойызбен барып қайтқан отандық турист еліміздің теміржолындағы вагондардың жай-күйіне тоқталды. Жол азабын тартқан әйел пойыз билетінің ақшасын қайтаруды талап етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жазба Facebook-те қызу талқыланды. Гүлмира Сәулебекова есімді желі қолданушысы ашуға мініп, темір жол компаниясынан билеттің құнын қайтарып беруді талап етті.
"Алакөлге жасаған жап-жақсы сапарымызды Қазақстанның теміржолы құртты. Ішкі туризмді өлтіруші. 45 күн бұрын сайтынан еңбекпен сатып алынған билет Алматыға емес, тозаққа алынған билет болып шықты! Кондиционер атымен жоқ, купе терезелері ашылмайды, дәлізде бүкіл вагонга екі терезе ғана ашық. Далада +42 градус. Купеде +52 градус. Жолсерік жол бойы вагонның есігін ашық ұстауға мәжбүр болды. Бәріміз түнге шейін тамбурда отырып келдік. Балаларды ыстықтан сулы орамалмен құтқардық. Сулап алып, бастарына жамылды. Лениннің өзі жүрген вагон туралы өткенде де жаздым. Мұндай вагондар ТМД елдерінің ешқайсынында пайдаланылмайды. Тіпті біздің үйімізді салып беріп жүрген өзбек ұлтының өкілдері бұдан жақсы жағдайда жол жүріп жүр. Грузия, Әзербайжан елдеріндегі пойыздарды айтпай-ақ қояйын. Мен ол жақта да пойызбен жол жүргенмін. Сол кезде өзімізді әлемде артта қалғандай сезіндім. Қандай үкімет болса, сондай өмірге лайықпыз. Адамдарын мал санайтын елден кеткің келеді. Мал сияқты тамақтандырып, мал таситын арбамен тасымалдайды. Менің сапарымның быт-шытын шығарғаны үшін ақшамды қайтарыңыздар, Мен тірімін!", - деп жазды ашуға мінген пойыз жолаушысы.
Желідегі жолаушы жазбасына теміржол компаниясының өкілі жауап берді.
"Бізге сауал жолдааныңызға алғыс айтамыз. Аталған факт бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Тексерістің қорытындысы туралы сізге хабарлаймыз", - дейді жазбаға пікір білдірген компания өкілі.