$ 443.85  474.3  4.8

Роман Протасевич отырған ұшақты қондырған диспетчер жоғалып кетті

Басылымға сұхбат берген басқа дереккөздер диспетчер Грузияға оралғанын, ол жас кезінде сол жақтан келгенін айтқан.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Бортында Nexta оппозициялық Telegram-каналының экс-редакторы Роман Протасевич отырған ұшақты қондырған Минск әуежайының әуедиспетчері Олег Галегов жоғалып кетті. Кей мәлімет бойынша, ол Беларусьтен отбасымен бірге көшіп кеткен, деп хабарлайды "Наша Ніва" басылымы.

Диспетчердің "Белаэронавигациядағы" еңбек өтілі 10 жылдан асқан. Шілде басында Галегов демалыстан жұмысқа оралуы керек еді, бірақ ол қызметіне сол күйі келмеген.

Басылым мәліметінше, ер адаммен байланысу мүмкін емес. Оның әлеуметтік желілердегі аккаунттары жойылған, диспетчердің әйелі де интернеттегі барлық парақшасын жауып тастаған.

Басшылық қызметкерлерге ешқандай түсініктеме де бермеген. Галеговтың жоқ екені туралы сұраққа ол тек "енесімен тұратыны" айтылған.

Басылымға сұхбат берген басқа дереккөздер диспетчер Грузияға оралғанын, ол жас кезінде сол жақтан келгенін айтқан.

Денсаулығы. Тергеу. Мойындау. Роман Протасевич ұсталған күні не болды?

Еске салайық, 23 мамырда Афиныдан Вильнюске ұшып бара жатқан ирландиялық Ryanair ұшағы Беларусь әуе кеңістігінде шұғыл бұрылыс жасаған. Кейінірек ұшақтың бағытын өзгертуге ел президенті Александр Лукашенко тікелей бұйрық бергені анықталды. Себебі ұшақ бортында жарылғыш зат деген ақпарат болған-мыс. Сол кезде рейс экипажымен келіссөздерді Олег Галегов жүргізді делінген еді. Ұшақ Минск әуежайына қонғаннан кейін, оппозициялық журналист Роман Протасевич ұсталып, қамауға алынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары