Италияның орталығында орналасқан Эмилия-Романья облысында көлемі алмадай алып бұршақ жауып, жүздеген үйлер мен көліктерді қиратты деп хабарлайды РИА Новости. Басылымның мәліметінше, Эмилья-Романья облысында жауған қалың бұршақ сондағы Парма атты ауданындағы А1 тасжолының жабылып қалуына себепкер болған.
Италиялық il Fatto Quotidiano басылымы жариялаған мәліметтерге сәйкес, дүйсенбі күні, күннің екінші жартысында жауған алып бұршақ қала тұрғындарын әбден әбігерге түсірген. Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан көлемі алмадай болатын бұршақтың автокөлік әйнектерін қиратып, жүк көліктерінің сыртын бүлдіргенін анық көруге болады.
Ал, алып бұршақтың астында қалған көлік жүргізушілері тіпті күшті жел мен нөсер, қалың бұршақтың салдарынан көлікті жүргізе алмағандықтарын айтады. Нәтижесінде құтқару қызметі Милан-Наеполь бағытындағы тас жолдағы қозғалысты шамамен үш сағатқа тоқтатып, қалаға арнайы техника мен құтқарушыларды жөнелткен.
Сол сияқты жергілікті la Repubblica басылымының мәліметінше, қалада көптеген үйлердің төбесіне зақым келген. Ал Фиденц қаласының мэрі өзінің Facebook-тегі парақшасында күшті жел тіпті ғимараттардың да төбесін жұлып әкеткенін жазған.