Атырауда арналарға су келмеуіне байланысты, төрт түлік пен балық қырылып жатыр, деп жазады ЭК.
ЭК осыған дейін Атырау облысы Исатай ауданында су мен шөптің жетіспеушілігінен мал қырылып жатқанын жазған еді. Алайда ақпаратты аудан әкімдігі толық растамай, тек судың аз келгенін айтқан болатын. Шын мәнінде жағдай мәз емес екен.
Исатай ауданындағы арналарға екі-үш жылдан бері жарытып су келмеген. Соңғы жылдары қар мен жауын-шашын да түспеген. Соның салдарынан ауданды қуаңшылық жайлап, шөлейтке шыдас бермеген мал шетінен сұлауда. Шаруалар қанша айтып шырылдағанымен, жергілікті биліктен қайыр жоқ. Олар облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің ауданға келіп, жағдаймен танысуын талап етіп, бейнеүндеу жариялады.
Қазір шаруалар адал баққан малының етін емес, өлексесін жинауда. Олар күн сайын құлап жатқан малдың он шақтысын кездестіретінін айтады. Бірі айдалада шөлдеп құласа, кейбірі батпаққа айналған арнаға батып, шыға алмай қалады. Малмен жанын бағып отырғандардың арасында түлігінен жиырмалап айырылғандар да бар.
— Былтырдан бері он жеті бас малым өлді. Малға беретін су жоқ. Жейтін азық жоқ, — дейді шаруа Құрманғали Мұхтаров.
Аудандағы тағы бір шаруа — Самат Мыңбаевтың он үш бас сиыры өллі. Бір үйір жылқысын сатып жіберуге мәжбүр болды. Бұған жем-шөптің жоқтығынан малдың қырыла бастауы себеп.
Қазір аудандағы барлық арна құрғап кеткен. Жауапты Қазсушар мекемесі тек тұрғындар шу шығарғанда ғана суды жіберетін көрінеді. Алайда, су көлемі аз және канал асты тайыз болғандықтан, ол да 15-20 күнде кеуіп кетеді.
Арнадағы балықтар да батпақта қырылып жатыр. Өткен айда қырылған балық өлекселерін жергілікті әкімдіктегілер жинап алған еді
— Аудандағы төрт арнаны күрделі жөндеуге сметалық құжат дайын. Тек қаржы қашан бөлінері белгісіз. Бұл мәселені 2014 жылдан бері көтеріп келеміз. Бірақ біздің мекемеде ақша жоқ, — деді ЭК тілшісіне "Қазсушар" РМК АОФ учаске басшысы Бейбіт Бисалева.
Ал жергілікті әкімдіктегілер өлген мал мен балықтың санын әлі шығармаған. Тіпті бұл мәселе төңірегінде аудан әкімі де халық арасында бір де бір рет төбе көрсетпепті. ЭК тілшісіне Исатай аудандық әкімдігіндегілер осы өңірге қарасты арналардың барлығының жобалық-сметалық құжаттары біраз жыл бұрын жасақталғанын айтты. Тек 1 млрд теңге керек.