$ 494.87  520.65  4.91

«Құлап көрмеген адам тұрудың не екенін білмейді» – Левит өзінің сенсациялық жеңілісінен кейін мәлімдеме жасады

Медаль алудан көп үміт күткен жұдырықшы қазір өзі үшін отбасы мен жанкүйерлерінің қолдауы бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Василий Левит үшін Токио Олимпиадасы өзінің мансабындағы екінші үлкен дода болды. Боксшыдан жақсы жүлде күткен жанкүйерлердің қарасы аз болған жоқ еді.

Токио Олимпиадасында алғашқы жекпе-жегінде нокаутпен жеңілген қазақстандық боксшы Василий Левит Олимпиададағы жеңілісі туралы пікір білдіріп, жанкүйерлерге бет бұрды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Медаль алудан көп үміт күткен жұдырықшы қазір өзі үшін отбасы мен жанкүйерлерінің қолдауы бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті. 

"Мен үшін осындай қиын сәтте барлық жазылушыларыма және жанкүйерлеріме қолдау көрсетіп, жылы сөздері үшін алғыс білдіргім келеді. Сіздер менімен жеңістің қуанышын да, жеңілістің ащысын да бөлісесіздер! Спорт – бұл менің өмірім. Боксшылар арасында мынадай даналық бар: құлап көрмеген адам тұрудың не екенін білмейді деген. Бұл нақыл сөз өз мақсатына ұмтылатын және бара жатқан кез келген адамның өміріне қатысты", – деп жазды Левит Instagram әлеуметтік желісіне.

Олимпиадашы, сонымен қатар жалғыз адамға соққыны қабылдау өте қиын екенін, бірақ "мұндай қолдауды сезінгенде, сіз бұл өмірде жалғыз емес екеніңізді түсінесіз" деген ойын айтып өтті. 

"Мен сүрінгенде әрқашан қолын созатын отбасым, достарым бар, сіздер барсыздар, құрметті жанкүйерлер, менімен жеңісті де жеңілісті де қатар бөлісетін. Сіздердің жазған әрбір ыстық сөздеріңізден кейін, бұл өмірде ең бастысы сені түсінетін және саған сенетін адамдардың болуы екенін ұқтым", – деді ол.

Еске салайық, 27 шілдеде Левит алғашқы жекпе-жегінде-ақ Олимпиада жарысынан шығып қалған еді. Екінші раундта испандық Энмануэль Рейес Пла қазақстандық боксшыны нокдаунға жіберген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары