Белгілі коллекционер-этнограф, "Әдемі-ай" ұлттық кәдесыйлар компаниясының директоры Бахаргүл Төлеген тұла бойы тұңғышы Әдеміге арнап, бес жүз байтал тұратын қазақтың этнографиялық сәукелесін тіктірді. Ел назарын ерекше аударған сәукеленің қалай жасалғанын ол Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Таяуда ғана Әдемідей әдемі қызын үкілеп ұзатқан Бахаргүл Төлеген салтанатты шара барысында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды азаматтық парызы санапты. Елдің таңданысын туғызған Әдемінің киімі мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың "Қазақтың ұлттық киім кешектері" атты кітабындағы қазақ қыздарының қалыңдық киімінің түпнұсқасы негізінде жаңғыртылып жасалыпты.
Қазақы нақыштағы көйлегі мен тақиясын "Әдемі-айдың" шеберлері мен зергерлері компанияның серіктестерімен бірлесе отырып дайындап шығыпты. Көйлектің түпнұсқасы Алматыдағы Қастеев музейі мен Астанадағы ұлттық музейде сақтаулы.
"Сәукеле бас киім ғана емес, ұлттық салт-дәстүріміздің озық үлгісі. Күні бүгінге дейін ата-бабаларымыз тек ғана ұзатылатын қыздарға кигізіп, құрметпен қараған баға жетпес отбасылық жәдігер. Бір жағынан, өнердің қадірін ұғынатын жан ретінде, ұлттық өнерімізді ел арасында дәріптей отырып, азаматтық парызымды өтеуді жөн санадым.
Жеке коллекциям болып табылатын "Әдемі-ай" өнер музейінде 18-19-ғасырлардағы ата-бабаларымыздың қолданған сәукелесі негізінде жасалған Әдемінің сәукелесінің биіктігі – 40 см. Бұрындары ұзатылатын қыздың әкесінің дәулеті сәукелеге қарап бағаланатындықтан, оған айрықша мән беріп, қаншама айлар, жылдар жасататын болған. Бұл сәукеленің жасалуына да жарты жылға жуық уақыт кетті. Формасын жасап, тігіп шыққан тігіншілер болса, бетіндегі күмісін зергерлер жасап шықты. 5 кг күміспен күптеліп, алтын жіптермен апталып тігілген сәукеле елдің назарын ерекше аударды.
Қыз баласы келін болып қадам басқаннан кейін, беташарға дейін ғана киілетін бұл бас киімге зор мән берілген.
Әдемінің сәукелесі бұлғынның терісімен көмкеріліп, ақұқ тастармен өрнектелді. Екі шекелігіне де ақұқ тастар әсемделіп орнатылды. Ақұқ тасын бұрындары қалыңдық тіл көзден аман, бай әрі қуатты болсын деген ниетпен қолданған. Біз де осы мақсатты көздедік.
Шетелдің коронасына еліктегенше, баға жетпес өз құндылықтарымызды дәріптей білсек, аманатқа адалдық танытқанымыз", – дейді Бахаргүл Төлеген.
Осынау сәукеленің құнын сұрағанымызда Бахаргүл ханым ертедегі орын алған жайтпен байланыстыра әңгімелеп берді.
"ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында, кіші жүздің Байсақал атты байымен, орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп:
"Басқа ештеңе сұрамайын, тек осы сәукеленің бағасын есептеп берсін" депті. Сонда Кенесарының ағасы, Саржан төре: "Бұл сәукеленің бағасы 500 байтал тұрады, сондықтан қызының қалың малы 500 жылқы болсын!", – депті.
Осылайша, ата-бабамыз құнын 500 жылқыға бағалаған сәукелені заман талабына сай жаңғыртып жасатқан Бахаргүл ханым қызының сәукелесі баға жетпес құндылық деп бағамдайтынын жеткізді. Сәукеленің сандығының өзі де арнайы шеберлерге біршама уақыт әзірленіпті.
Салтанатты шара кезінде Әдемі қыздың жасауына арнайы күмістен жасалған өңіржиек, бес білезік, құстұмсық жүзік, қосбілезік сыйға тартылды.
Сонымен қатар Бахаргүл ханым өзіне де қазақ халқының этнографиясын дәріптеу мақсатында елімізге белгілі дизайнерлерге арнайы қазақ әйелдеріне лайықты көйлек пен басына қасаба тіктіріпті. Айтуынша, қасаба төре сұлтандардың әйелі киетін бас киім болған екен. Бүгінде ел арасында көп қолданыла бермейтін бұл бас киім Жәңгір ханның сүйікті зайыбы Фатима ханымның музейде тұрған қасабасының түп негізінде жаңғыртылып жасалыпты.
Қазақтың әр отбасында ұлтымыздың салт-дәстүрі осылайша жаңғыра берсе, ата-бабаларымыздың мол мұрасы көздің қарашығындай сақталары анық.