$ 448.56  478.03  4.79

Елордалық тұрғындар 3 жыл автотұрақта тұрып келгенін білмеген

Елордалық тұрғындар 3 жылдан бері өздерінің автотұрақта тұрып келгендерін білмеген. Шындығында тұрып жатқан баспаналары құрылыс жоспарында да болмай шықты. Тіпті 75 пәтердің иесіне құжаттары әлі берілмеген.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Елордалық тұрғындар 3 жылдан бері өздерінің автотұрақта тұрып келгендерін білмеген. Шындығында тұрып жатқан баспаналары құрылыс жоспарында да болмай шықты. Тіпті 75 пәтердің иесіне құжаттары әлі берілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana tv арнасына сілтеп хабарлайды. 

Ал тұрғын үйді салған компания ізім-қайым жоғалып кеткен. Бастапқыда бизнес-класста өмір сүресіңдер деп уәдені үйіп төккен мердігердің жұмысы сөзіне лайық болмапты. 

“Біздің шатырымыз дұрыс салынбаған. Жаңбыр жауғанда төбеден су кетеді 6 қабаттарға. Және де өрт қауіпсіздігіне арналған сигнализация қондырылмаған, желдеткіш жоқ. 5-ші қабатта мүгедек тұрады арбамен жүретін. Ол кісі 1 жарым жыл үйінен шыға алмады. Себебі пандус жоқ, лифт жоқ. Былтыр қыркүйектің кезінде автотұрақ екенін білдік”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ақмарал Құсайынова. 

Нұр-Сұлтан қалалық тұрғын үй басқармасындағылар да кәсіпкерді таба алмай жүр. Шенеуніктердің сөзінше, үй әлі пайдалануға берілмеген. Өйткені нысанның құрылысында көптеген заң бұзушылықтар бар.

Нұр-Сұлтан қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының маманы Жақсыбек Исламбек: “Олар лифтерді стандартқа сай тапсырса ғана пайдалануға рұқсат береміз. Дегенмен, қазіргі уақытта біздің өзіміз мердігерлерді таба алмай жатырмыз”, – дейді.

Әкімдік өкілдері бұқара үйге заңсыз қоныстанғандарын жеткізді. Айтуларынша автотұрақтың үстіне, нысанға еш қатысы жоқ ғимарат салынған. Тұрғын үй кешенінде кемшіліктер өте көп деді. Осы олқылықтар үшін құрылысқа жауаптыларға айыппұл салынған. Құрылыс компаниясын лицензиясынан да айырылған деп отыр.

“Аталған нысанға қатысты тексеру жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Бұл үйдің жұмысына тыйым салынған. Құрылыс салушыға тиісті айыппұл салынды. Тиісті 388 мың 920 теңге төлемегеннен лицензияны тоқтатты”, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының әкімшілік құқықтық бөлім басшысының міндетін атқарушы Шапағат Таупықой.

Шенеуніктер, заң бұзушылықтарды түзетуі керек дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Құрылысқа жауаптылар кемшіліктерді түзеткен жағдайда да, пәтер иелері басқа жерге көшуге мәжбүр екенін жеткізді. Сонымен қатар өткен жылдың желтоқсанында пәтер иелері полицияға мердігерге қарсы арыз жазған. Тәртіп сақшылары "Аса ірі алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс тіркеді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

“Енді серіктестік қызметіне аудит жүргізу жоспарланып отыр. Құрылыс көлемін анықтау үшін, оның нәтижелері бойынша сот-экономикалық сараптама жасалады. Осылайша әзірге мәселе басы ашық күйі қалып тұр. Алданып қалған тұрғындардың тағдыры не болады? Оны ешкім дөп басып айта алар емес”, – деп жеткізді Нұр-Сұлтан қаласы ПД тергеу бөлімінің басшысы Мәди Олжабаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары