$ 494.87  520.65  4.91

«Фашизмнің нақ өзі». ДСМ Айна Бакееваның мәлімдемелерін жоққа шығарды

Шымкенттік дәрігер Қазақстандағы вакциналардың бірде-біреуі клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтпегенін мәлімдеген.
Фото: коллаж
Фото: коллаж

Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен месседжерлерде дәрігер Айна Бакееваның мәлімдемеcімен бөлісуде. Оның айтуынша, COVID-19 қарсы вакцинация «фашизмнің нақ өзі». Вакциналардың бірде-біреуі клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтпеген, барлық қазақстандықтар КВИ-мен ауырып шықты, ал балаларда бұл ауру жеңіл өтеді, демек, ешкімді вакцинациялаудың қажеті жоқ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі белсендінің сөзін жоққа шығарды.

Атап айтқанда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенді түрде таратылып жатқан роликтердің бірінде Айна Бакеева бірден бірнеше жалған мәлімдеме жасайды. Stopfake.kz дәрігердің мәлімдемелеріне рет-ретімен жауап берді:

1. COVID-19 қарсы вакциналардың ешқайсысы сынақтың үшінші кезеңінен өткен жоқ.

Бұл жалған. Қазіргі уақытта Қазақстанда егу төрт препаратпен жүргізілуде: «Спутник-V», QazVac, Hayat-Vax (BBIBP-CorV) және CoronaVac. Бұл вакциналар клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің үш кезеңінен өтті. Бұл туралы есептер ашық түрде қол жетімді.

«Қазақстанда қолданылатын КВИ қарсы вакциналардың барлығы бірдей қауіпсіз және КВИ ауыр жағдайларының алдын алуда тиімді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіркелмеген дәрілік заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндіруші құжатының электрондық көшірмесі – талдау сертификаттары немесе сынақ хаттамасы немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты, қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы болуы міндетті», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда қолданылатын COVID-19 қарсы вакциналар тіркеу, нарыққа түсу және клиникалық зерттеулердің қауіпсіздігі мен тиімділігін растау үшін қажетті барлық сатылардан өткен.

2. Экспериментке қатысушылар үш күн ғана бақыланады.

Айна Бакееваның бұл тұжырымын да ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жоққа шығарды.

«Клиникалық зерттеу аяқталғаннан кейін зерттеуге қатысушыларды бақылау мерзімі орта есеппен 30 күнді құрайды», – деп хабарлады ведомстводан.

3. Барлық қазақстандықтар КВИ-мен ауырып шықты

2021 жылғы 1 ақпан жағдайындағы деректер бойынша Қазақстан халқының саны 18 897 898 адамды құрайды.

«2021 жылдың 6 айында республикада COVID-19 расталған 270 100 жағдай тіркелген, оның ішінде 34 968 – 14 жасқа дейінгі бала», – делінген ҚР ДСМ жауабында.

4. COVID-19 балаларда жеңіл өтеді

Өкінішке орай, бұл олай емес. Балалар жеңіл ауырса да, олардың арасында өлім жағдайы кездеседі. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, COVID-19 салдарынан болатын барлық өлімнің 0,3%-ы 20 жасқа дейінгі балалар мен жастар құрайды. Яғни, 8 700-ден астамы қайтыс болды.

5. Вакцинация фашизмге айналмас үшін екпе жасағанға дейін және одан кейін науқастың жағдайын бақылау керек.

COVID-19-ға қарсы вакцина алған қазақстандықтар процедураның дәл осылай өтетінін біледі. Препаратты алғанға дейін пациенттер созылмалы және жедел аурулардың болуы немесе болмауы туралы сауалнама толтырады, содан кейін дене температурасы, пульс, қан қысымы, сатурация өлшенеді, өкпе мен жүрек ырғағын тыңдайды, анамнез жинайды, содан кейін ғана, тексеру нәтижелері қанағаттанарлық болса, ол вакцинациялауға жіберіледі. Егуден кейін вакцинация пунктіндегі арнайы бөлінген бөлмеде 30 минут отыру қажет. Науқастың хал-ахуалы нашарлаған жағдайда оған көмек көрсетіледі, ал оқиғаның өзі тіркеледі.

6. Вакциналарды сақтау және жібіту шарттарын сақтау қажет

Вакциналардың дұрыс сақталуына тұрақты түрде бақылау жүргізіледі.

«Вакциналарды жібіту тәртібі, вакцинациялауға ұсынымдар, көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы № 28 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында халыққа коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жүргізу» әдістемелік ұсынымдарында баяндалған», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен.

7. Вакцина алу салдарынан туындаған елеулі жағымсыз реакциялар үшін жауапты болу қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл тезиске де түсініктеме берді.

«Вакцинаның жағымсыз салдары болған жағдайда, өндірушіден бастап, тікелей емдеу мекемелеріне дейінгі процеске қатысушылардың барлығы жауапты болады.

Сонымен қатар, профилактикалық егулер алған барлық тұлғалар иммундаудан кейін жағымсыз көріністерді дер кезінде анықтау және қажетті медициналық көмек көрсету үшін медициналық бақылауда болатынын хабарлаймыз.

Егер асқынулардың дамуы вакцинаны егу техникасымен байланысты болса және егілушінің денсаулық жағдайының нашарлауы вакциналарды сақтау жағдайларының бұзылуынан туындаса, онда бұл оқиға тиісті шараларды қабылдай отырып, басқа медициналық қателіктер секілді қарастырылады», – деп жауап берді ведомстводағылар.

8. Созылмалы аурулары және онкологиясы бар адамдардың екпе алу тәртібі белгісіз.

«Аталған әдістемелік ұсынымдарға сәйкес иммуносупрессивті ем алатын және иммун тапшылығы бар пациенттерде жеткілікті иммундық жауап дамымауы мүмкін. Сондықтан иммуногенділіктің төмендеу қаупіне байланысты иммундық жүйенің жұмысын тежейтін препараттарды вакцинацияға дейін және одан кейін кем дегенде 1 ай қабылдауға болмайды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № ҚР ДСМ-146/2020 «Профилактикалық егулерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес КВИ-ға қарсы профилактикалық егулерге тұрақты және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар вакцинациялауға жатпайды», - деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары