Қазақстандық блогер Серік Тлеулесов (superpapa_serik) баланың еміне ақша жинаймын деп басы дауға қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Блогер баланың анасына жиналған ақшаның 20 пайызын ұстап қалатынын айтқан.
Артынше ер адамның өзі бұл мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның сөзінше, ол ешқашан ақша жинағаны үшін комиссия ұстап қалмаған. Ал ұстап қалған 20 пайызын ол басқа баланың еміне бергісі келгенін айтады.
"Бұл мәселені көтергім келмеп еді, бірақ көбі жазып, талап етіп жатыр (...) Ақпанда бір әйелге ақша жинап, көмектесуім керек болған. Бірақ астанаға іссапармен баруыма тура келді. Оған дейін маған Нұр-Сұлтандағы бір ана баласына көмек сұрап, маған жазған болатын. Бір шеті көмек сұраған әйелмен кездесейін деп шештім. Мен келіп, материал түсіріп, баламен кездестім. Бірақ жиналатын ақшаның 20 пайызын өзіме алатынымды айттым, себебі оны бұған дейін көмек сұраған әйелге бергім келген. Менің қателігім - ол ақшаны не үшін алатынымды айтпауымда. Жай 20 пайызын бір адамға беруім керек дедім", - дейді блогер.
Оның сөзінше, әйел адам келісіп, ештеңе айтпаған. Баласына көмектесуді сұраған әйел адамға екі миллиондай жиналған, соның 286 мыңын блогерге берген. Серіктің айтуынша, ол 286 мыңды басқа мұқтаж әйелге беріп, оны видеоға түсіріп алған.
Осы жайттан кейін блогер енді ешқашан ақша жинамайтынын атап өтті.