Армения президенті Армен Саркисян жаңа парламент отырысының бірінші күнінде Никол Пашинянды елдің премьер-министрі етіп тағайындады. Ол бұған дейін үкімет басшысының міндетін атқарушы болған. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, Никол Пашинян Армения Республикасының премьер-министрі болып тағайындалсын", - делінген президент жарлығында.
Армения Конституциясына сәйкес, ел президенті жаңадан сайланған Ұлттық жиналыстың өкілеттік мерзімі басталғаннан кейін дереу премьер-министр етіп көпшілік ұсынған кандидатты тағайындайды. Бұл ретте негізгі заңда кезектен тыс сайлау жағдайында жаңадан сайланған Ұлттық жиналыстың өкілеттік мерзімі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады делінген.
Министрлер кабинетінің өзі премьер-министр тағайындалғаннан кейін он бес күн ішінде құрылады. Осыдан кейін үкімет басшысы 20 күн ішінде ұлттық жиналысқа министрлер кабинетінің бағдарламасын ұсынуы керек.
Айта кетейік, Никол Пашинян кезектен тыс парламенттік сайлау қарсаңында отставкаға кеткен болатын.