ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бері «қызыл» аймақта тұр. Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі «қызыл» аймақта. 3 тамыздағы жағдай бойынша, республикадағы инфекциялық төсек-орынның 56 пайызында, реанимациялық төсек-орынның 44 пайызында науқастар жатыр.
Әсіресе, жұқпалы ауруханалардағы ең көп науқас Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, жансақтау бөліміндегі науқастар Ақмола, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында көп тіркелген», - дейді министр. Денсаулық сақтау министрлігі өз қызметкерлері мен медициналық ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамымен бірге 10 аймаққа сапарлап барған және КВИ науқастарын күту бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсеткен.
«Өңірлердегі ахуалға егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп, жағдайды тұрақтандыру үшін нақты ұсыныстар берілді. Стационарларға жүктемені бағалау матрицасына сәйкес, «қою қызыл» аймақта – қауіп жоғары аймақта төрт өңір бар, олар - Алматы, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары. Ондағы төсек-орынның апталық қамтылу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден асады және одан да жоғары», - деді А. Цой.