$ 494.87  520.65  4.91

«Қызылорданы бүкіл күрішінен айыру керек» - маман

Жегісі келгендер қытайдың күрішін жесін.

Белгілі қаржыгер, private equity саласындағы жетекші мамандардың бірі, «Верный Капитал» инвестициялық тобының құрылтайшысы және бас директоры Ерлан Оспанов әлеуметтік желіде тосын ұран тастады.

Популистік ұранның ақыры жүздеген мың адамның жұмыстан айырылуына соқтыруы мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Белгілі қаржыгер, private equity саласындағы жетекші мамандардың бірі, «Верный Капитал» инвестициялық тобының құрылтайшысы және бас директоры Ерлан Оспанов әлеуметтік желіде тосын ұран тастады. Оның айтуынша, Қызылорда облысында күріш өсіруге тыйым салу керек.

«Күрішті шетелден тасыған арзанға түседі»

«Қызылорда облысын биыл қуаңшылық жайлауда. Мал шөп таппауда, жемазық жоқ. Бүкіл ел көмектесіп жатыр. Ал облыс болса, суды орасан көлемде тұтынатын күрішті биылғы жылы да өсіруін жалғастыруда. Ары қарай да күріш егуін тоқтатпайтын түрі бар. Малға азық болар дақылдарды өсіруге әлдеқайда аз су кетеді», – деді ол.

Бизнесменнің байламынша, Қазақстан бұл дақылдан бас тартқаны жөн көрінеді. Жегісі келгендер қытайдың күрішін жесін.

«Күрішті шетелден импорттау әлдеқайда арзанға түспек. Салық төлеушілердің ақшасы есебінен мемлекет күріш өндіруді дотациялайды. Ол ақшаны атаулы көмек түрінде халыққа бөліп беру керек. Мақтаға қатысты жағдай да осыған ұқсас. Мен бұл жерде Арал апатына не соқтырғаны туралы айтпай-ақ қояйын. Біз қашан бүкіл елдің мүддесі үшін мұның артықшылығы мен кемшілігін қатар салмақтай бастайтын боламыз?! Күріш пен мақта өндірісі республикалық бюджеттен субсидияланады, ал оның әсері бүкіл елге тиюде», – деді Ерлан Оспанов.   

Рас, ол не ауыл шаруашылығы маманы, не эколог емес екенін мойындап, өзін «диван сарапшысы» деп атады.

«Мен диван экспертімін, күні бүгінге дейін Аралда болған жоқпын. Бірақ мен бармағаныммен, ондағы экологиялық апаттың себептері өзгеріп кеткен жоқ қой. Арал тартылып қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тамыз ортасына қарай Сырдариямен үлкен су келеді. Дәл осы кезде күріш алқаптарына су тарту да доғарылатын көрінеді. Міне, осылай тұспа-тұс келеді», – деп түйді инвестициялық топ басшысы.

Қазіргі кезде бірқатар облыстар судан қатты тарығып, тұрғындары ашынған күйге жеткен. Мал қырылды. Өзге қазақстандықтардың да осыған жаны күйеді. Сондықтан болса керек, Е.Оспановтың ұсынысы нысаналы жерін дөп басты. Әлеуметтік желіде құрғақшылыққа қатысты барлық айыпты ақ маржанға жабу белең алды.

Жұрт осыған «санасы жетпеген» әкімдерді айыптады: «Біздің биліктегілер, әкімдер халыққа керектіден басқасының бәрімен айналысуда». «Бізге күріштің керегі не? Бізге мақтаның қажеті жоқ. Су үнемдеуші дақылдарды ғана егейік», «Балық өсірейік. Даланы қой мен түйеге толтырайық», «Күріштен арылатын кез жетті», «Күріш егуге 5-10 жылға мораторий енгізу керек» деген секілді пікірлер лек-легімен ағындауда. Күрішке қазір тыйым салса, өңір экономикасы күйреуі мүмкін Дегенмен, бұл популистік бастаманы сынағандар да жетерлік.

«Жемазықты ертерек дайындаулары керек еді. Малшылар төрт түлігін тегін жайылымдарда жаюға үйренген, құрғақшылық келгенде, дайындаған шөбі болмай шығады, айналып соғып отыратын қуаңшылыққа әзірленбейді. Енді байғұс күрішшілерді бәріне кінәлі ғып шығаруда. Қызылорда облысы тек астында тұнған мұнайымен және жер үстінде жайқала өсетін күрішімен күн көреді, басқа ресурсы жоқ», – дейді жергілікті тұрғын Мақсат Цой.

Аграршы маман Сержан Омаров мұндай бастаманы қолдамайтынын және мемлекетке оны қолдауға болмайтынын жеткізді.

«Қызылордада халық ондаған жылдар бойы күріш өсіруге маманданды, өнім өндірісі жақсы жолға қойылған. Барлық қажетті техникалары сатып алынған. Олардың несиесін де өтеу керек. Егер Үкімет күріш егуді кілт тоқтатса, тыйым салса, диқандар басқа дақылға шұғыл көше алмайды. Өйткені бұл басқа бағыт, өзге дақылды егіп, өсіру үшін басқа техника сатып алу керек. Қазіргі кезде бүкіл техника қымбат», – дейді С.Омаров.

Біз бұл идеяға қатысты Қызылорда облысынан сайланған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың да пікірін білдік. Ол өңірдің бірте-бірте өзге дақыл түрлерінің егістік алқаптарын арттырып жатқанын айтты. «Бірақ облыс күріштен күрт бас тарта алмайды. Күріш – Қызылорда облысының экспортқа шығаратын ең басты өнімдерінің бірі. Жергілікті тұрғындар соның арқасында табыс тауып, отбасыларын асырауда. Өңір басшылығы ауыл шаруашылығы өндірушілерін басқа дақылдарды егуге машықтандыру бағытында жұмыс жүргізуде. Шама-шарқынша күріш егістіктерінің көлемін азайтып жатыр. Ал қуаңшылыққа күріш айыпты емес. Қыста өңірде болдым, қар түспеді, қыстың ызғарлы, аңызақ желі құмды үйіріп тұрды. Көктемде жауын-шашын аз түсті», – деді Б.Смағұл.

Жалпы, күріш – Қызылорда өңірі экономикасының бір ұстыны, халықтың асыраушысы.

«Біздің облыс – аграрлық өңір. Өңір экономикасын күріш көтеріп отыр. Біріншіден, жүздеген мың отбасы соның арқасында жұмыспен қамтылып, нәпақа тауып, тұрмысын жақсартуда. Механизаторлар, сушылар, диқандар және басқасы күріш алқаптарына еңбек етіп, жыл он екі ай бойы жалақы алады. Олардан күрішті тартып алсақ, орнына қандай жұмыс береміз? Екіншіден, аграршылармен, экологтармен әңгімелестім, күріш экологияға көмектесіп отыр. Мамандардың айтуынша, суға бөгетін күріш Қызылорда өңірін тұз басудан қорғап тұр. Егер бұл дақылы егілмесе, өңір жерінің үлкен бөлігін сор басады. Яғни, Арал апаты сияқты екінші экологиялық апат болуы мүмкін. Ол жер бидайды да, жоңышқаны да, басқа дақылдарды да егуге жарамай қалатын көрінеді. Арал сияқты шеңгел мен жыңғыл басып кетеді», – деді Мәжіліс депутаты.

Үшіншіден, ақ маржан бүкіл елді асырайды, одан қалды шетелге экспортталады. Одан түсетін табыстан салықтар, жалақылар, әлеуметтік төлемдер, зейнетақы жарналары, сондай-ақ пай сыйақылары төленеді: ауылдықтар өзіне тиесілі жер телімдерін күрішшілерге жалға береді, сол жер пайлары үшін не ақшалай сыйақы алады, не онысын өнім түрінде алады. Демек, қаншама ауылдың тұрғындары кірісін жоғалтпақ.  Яғни, дәл қазір күріш егуді күрт тоқтатуға болмайды екен. Депутаттың байламынша, су тапшылығы басқа жолмен, халықаралық келісімдермен шешіледі. Кәсіпкер Айдын Шыныбеков те күрішті егуге тап қазір тыйым салу, ұзақмерзімді мораторий жариялау сияқты идеяларды құптамайды. Ол Жосалы, Жалағаш жақта тұрыпты.

«Тыйым салдық делік, сонда бір күнде кәсібінен айырылған өңір халқын қандай жұмыспен қамтамасыз етеміз? Мен бұл өңірде 3 жылдай жұмыс істедім. Сыр бойындағы ауылдарда болдым. Тұрғындардың үлкен бөлігі күріш егумен шұғылданады. Бірлі-жарымы ғана кен орындарында вахтамен істейді. Қалғандары бос сенделіп, жұмыссыз жүр. Қыста браконьерлік тәсілмен сексеуілді шауып тасып, үйлерін жылытады. Өйткені көмір алуға бәрі бірдей ақша таппайды. Егер күрішке бірте-бірте балама табылса, оған қуанар едік. Бұл өңірдің климаты өте қатал. Дақылдардың бәрі бірдей төзбейді. Жерді тез-ақ қамыс пен қопа басып кетеді. Мал жайылатын жер онсыз да аз», – деді бизнесмен.

Кейде билік әлеуметтік желідегі даурықпа шудың дүбірімен шұғыл шешім қабылдап жатады. Мына жағдайда ақылмен келген абзал. Елдегі қуаңшылықты шешу жолдарын іздеген шенеуніктер мәселені кешенді шешу орнына ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, бар кінәні күрішке жаба салмаса, болғаны.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары