Ақмола облысы Степногор қаласының маңында дала өрті тұтанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, 6 тамыз күні сағат 17.30 кезінде Қарабұлақ ауылының шетінде құрғақ шөп өртенген.
Қызыл жалын шамамен 40 гектар аумақты шарпыды.
«Түнгі 22.05 кезінде дала өрті ауыздықталды. Өртті сөндіру одан кейін де біраз уақытқа жалғасты» деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары, атап айтқанда 16 қызметкер мен 4 техника жұмыс істеді. Сонымен қатар «Степногор орман шаруашылығы» мекемесінен 6 жұмысшы мен 2 техника көмекке келді.
Тілсіз жауды ауыздықтау үшін жергілікті атқарушы органдар тағы 21 адам мен 8 техника жолдаған.
Орманға және жақын маңдағы елдімекендерге ешқандай қауіп-қатер төніп тұрған жоқ.