Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов танымал қазақстандық блогер Мейіржан Төребаевтың Instagram парақшасында айтқан сөзіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.
“Бүгін маған адам өміріне бей-жай қарамайтын азаматтар қазақстандық блогер Мейіржанның инста-стористе айтқан видеосын жіберді. Видеода ол велосипедпен жүру кезінде алдынан шыққан әжелердің айғайлайтынын, сол себепті оларды “қағатынын” айтады. Үш миллион аудиториясы бар блогердің өзіне қарсы қорғансыз қарт адамдарға қатысты құқық бұзушылығын ашық мәлімдегенін көру өте өкінішті", - деп мәлімдеді Алматы полициясы бастығының орынбасары.
Рустам Әбдірахманов мәлімдемені жас, ақыл-ойы толыспағандар көріп, нұсқаулық ретінде қабылдап, осындай әрекет істеуі мүмкін екенін айтады.
"Мейіржан Төребаевтың осындай мәлімдемесіне және бұл ісі үшін жазасыз қалуына наразымын", - деп жазды Әбдірахманов Instagram-да.
Айта кетейік, Instagram стористе Мейіржан Алматы әкімдігіне жүгінеді. Блогер ультиматум түрінде жаңа велосипед жолдарын салуды талап етті. Әйтпесе ол тыйым салынған жолдармен жүріп, алдынан ұрсып шығатын әжелерді “қағып” өте беретінін айтты.