Алматыда тауға көтерілген ер адам жүрек талмасынан мерт болды, деп хабарлайды қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасы.
"7 тамызда 11:15-те "109" құтқару қызметінің құтқарушылары Медеу ауданына ("Көкжайлаудан" 200 метр төмен) алдын ала ақпарат бойынша жүрек ұстамасы болған 61 жастағы Туристтің ЖМК бригадасына дейін тасымалдауға көмек көрсету үшін шақыртуға шықты. 1740 метр биіктікке күрделі жаяу көтерілуіне қарамастан, сағат 12:30-да құтқарушылар оқиға орнына жетті. Құтқарушылар 1960 ж.т. ер адам өмір белгілерінсіз жерде жатқаны туралы анықтады. 15:52-де құтқарушылар ер кісінің денесін түсіріп, полиция қызметкерлеріне тапсырды", – делінген ресми хабарламада.
Департамент дерегіне сүйенсек, араға бірнеше сағат өткен соң тағы бірнеше адамның жоғалғаны туралы хабар келген.
"18:35-те ТЖД пультіне Бостандық ауданында 16-21 жас аралығындағы 4 адам, яғни қыз-келіншектер жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Дереу құрамында 5 адам, 1 бірлік техника бар құтқару қызметінің құтқарушылары жіберіліп, геолокациясы анықталды. Олар Алмарасан шатқалы ("Волчья тропа") жолда жоғалған адамдармен байланысқа шықты. 19:50-де құтқарушылар жоғалғандарды қарсы алып, бекетке дейін аман есен өткізіп жіберді. Жоғалған қыз-келіншектердің медициналық көмекке жүгінуге қажеті болмады", – деп хабарлайды департамент.
Сонымен қатар, Алматы қаласының ТЖД туристерден таулы аймаққа шыққан кезде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.
Таудағы қарапайым жүріс-тұрыс ережелері:
Тауға барарда өз күшіңізді бағытқа байланысты дұрыс есептеңіз. Дайындық деңгейі бойынша бағытты таңдаңыз. Тауға барар алдында жақындарыңызға нақты бағытты айтыңыз. Туыстарыңыз сізді қайда іздеу керектігін білуі керек. Тауларда соқпақтан шықпаңыз. Жолды қысқартуға тырыспаңыз. Егер бағыт бойынша көтірілу қиындаған жағдайда, артқа қарай төмен түсіңіз. Ең бастысы-оралу.