"Қазгидромет" мамандары Арыс теміржол станциясында сары фосфор тиелген контейнердің жануына байланысты қаладағы ауа сапасын тексерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Қазгидрометтің" қызметкерлері Арыс стансасында сары фосфор тиелген контейнерлер өртенгеннен кейін ауа сынамасына жоспардан тыс сұрыптау жұмыстарын жүргізді.
Өрт шыққан Наурыз шағын ауданы қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде, шетінде орналасқан. Халқы 1700 адам, 340 үй. Қалқылмалы заттар, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртегі тотығы, күкіртті сутек, формальдегид және аммиак секілді ластаушы заттардың концентрациясы өлшенді.
Зерттеу алты жерде, соның ішінде мектеп, аурухана, аудан әкімдігі мен теміржол вокзалының жанында жүргізілді.
Ластаушы заттар рұқсат етілген шекті көлемнен аспағаны анықталды. Радиация деңгейі де қалыпты нормада.
Айта кетсек, сары фосфор жанған кезде фосфин токсинді газы түзілетіні мәлім, ол аса улы заттар қатарына жатады. Ең алдымен жүйке жүйесіне кері әсерін тигізіп, зат алмасу процесін бұзады. Сонымен қатар қан тамырлары, тыныс алу жолдары, бауыр мен бүйрекке де зиян. 10 мг/м³ концентрациямен ұзақ уақыт тыныс алу улануға, соңында өлімге әкеліп соғады.
Еске сала кетсек, 6 тамыз күні 17.30 шамасында Арыс стансасында Жамбыл облысынан Ресейге жөнелтілген сары фосфор тиелген контейнерден өрт шықты.
Мамандар жанып жатқан вагонды өзгелерінен ағытып, қауіпсіз қашықтыққа әкетті. Контейнер сол жерде ашылып, өрт арнайы көбік көмегімен сөндірілді.