$ 447.4  477.55  4.76

Балғынбек Имаштың вакцина алмағандарға баспана арнауының астарында не бар? Саясаттанушы ақынды сынға алды

"Балғынбек вакцина алмағандарға, алса да желіге салмағандарға үй әперем деп отырғанда, 1 күнде 7671 адамнан вирус анықталып, 140 адам көз жұмды", деп жазды ол.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Жас саясаттанушы Асхат Қасенғали танымал ақын Балғынбек Имаштың түсініксіз әрекетін сынға алды.

Бұл туралы ол желіде жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Еске салсақ, Бағынбек Имаш халықты жаппай вакцинациялауға әу бастан қарсы шығып жүрген азаматтардың бірі. Ал кейінге кезде халықты баспанамен қамту жолын қолға алған.

"Баспанамен аз халықты болса да қамтамасыз етуге септiгін тигізбек болғаны құптарлық іс. Бірақ "вакцина алмағандар немесе алса да ол жайлы желіге салмағандарға арналады" деуің қызық екен. Ертең дәл осы сөзіңе мән беретіндер көбейеді. Бұған қатысу үшін екпе алмау шарт деп түсінетіндер артады.

Қаржы өзінікі - шартты қою құқығы да өзінде десеңіз қателесесіз. Бұл әрекеті вируспен күресуде кедергі, үлкен кедергі. Былтыр Иранда осы сияқты азаматтар "вирусты ешқандай дәрі-дәрмек жеңбейді, тек сыйыну керек" деген үгіттен кейін халық жаппай діни орындарға барып, сыртқы қақпасын құшақтап, тілмен жалап вирус жұқтырып, қырылып қалып еді. Иран билігі араға әскер салып, әрең тоқтатқан. Мына түрімізбен біртіндеп сол деңгейге бізде кетіп бара жатыр екенбіз.

Індетті вакцинасыз тоқтату мүмкін емес. Әлемдегі барлық індеттер солай тоқтаған. Вакцинаны салдық, ешқандай ауыртпалық болмады. Есесіне дос-жаран мен танысты қоспағанда, вакцина салмаған екі туысымыз осы жазда кетті. Оларды Құдай тірілтіп, "вакцина аласың ба" десе таңғы сегізде барып алып алар еді. Бірақ енді бәрі кеш. Осындайларды тыңдап, уатсаптан бораған фейкке иланып отырушы еді марқұмдар.

Вакцинада таңдау еркіндігі болу керек. Отандық, Батыстық, қытайлық яки ресейлік. Салдырушы өзі шешсін. Алайда вакцина міндетті түрде салынуы қажет.

"Вакцинадан қырылып жатыр" дегендердің шатпырақтарына құлақ асудың қажеті шамалы. Әрине, мыңнан бір-екі адамда побочный эффект (аллергиялық әсер сынды) болатын шығар, өйткені организм әртүрлі, бірақ мың адам вирус жұқтырса соның 30-50-уі өлетіні нақты. Тіпті одан да жоғары болуы мүмкін. Вирустан қырылып жатқандардың статистикасы бар, вакцинадан "қырылып жатқандардың" ше?!

Балғынбекті мыңдаған адам оқиды. Бұған сенеді, әрекетін дұрыс санайтындар көп. Бірақ адамзатты індеттен бұндай жандар емес, ғалымдар құтқарады. Вакцина сол ғалымдардың өнімі.

Ертең мынаның сөзін тыңдап, вакцина салмайтындар саны артады. Біраз уақыттан соң солардың басым бөлігі бір жұтым ауаға зар болып, екі өкпесі ырсылдап ауруханаға түссе, ИВЛ-да өліп кетсе кім кінәлі болады?! Мемлекет бұндай адамдарға белгілі бір шара қабылдауы керек қой. Өйткені бұл сөз және іс бостандығы емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Халқын "баспаналы етем" дегені дұрыс, бірақ оның шарттары сол халқына зиянды екенін түсінбей ма?!

ПыСы: Балғынбек вакцина алмағандарға, алса да желіге салмағандарға үй әперем деп отырғанда, 1 күнде 7671 адамнан вирус анықталып, 140 адам көз жұмды", деп жазды Асхат Қасенғали. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары