Ақтауда Экология департаменті жүргізген мониторинг нәтижесінде ауада күкірт сутегі мен азот диоксиді мөлшерінің шектен асқаны анықталды деп хабарлайды "Хабар 24".
27-шағынауданда тұратын көпбалалы ана Гүлжан Жолдасованың айтуынша, соңғы 1 аптада белгісіз қышқыл иістен далаға шығу мүмкін емес болып отыр.
"Кімнен көрерімді білмедім. Қай жақтан келгенін біліп беруіңізді өтінемін. Өтінішімді аяқ асты қылмай, апаратын жерге апарып, көрсететін жерге көрсетсін", - дейді Гүлжан Жолдасова.
Ауадағы жағымсыз иіске басқа шағынаудан тұрғындары да шағымдануда. Олар әлеуметтік желіге Air.kz мобильдік қосымшасындағы ақпаратты жариялап, шара қолдануды сұраған. Қосымша қалада күкірт сутегінің шамадан тыс көп екенін көрсеткен. Сол себепті, тұрғындар денсаулықтарына алаңдап отыр.
"Әуелі біреу улап жатыр ма, әлде үйін улап жатыр ма деп ойладық. Елімнің, халықтың аман болғанын қалаймын", "Далаға шығып, демалып отырайық десек, иіс бар. Жасарымды жасап, асарымды асадым, 80-нен астым. Бала-шаға, немерем бар өсіп келе жатқан, солардың денсаулығын ойлаймын", - дейді тұрғындар.
Қала тұрғындарының арыз-шағымы негізінде экология департаменті жедел түрде тексеру жұмыстарын жүргізген. Бірнеше жердегі ауадан сынама алынып, зертханалық талдамалар жасалған.
"Нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігінде ескі полигонның орнынан жағымсыз иістің ошағы анықталды. Қара металл іздеушілер полигон қоқыстарын қазғаны белгілі болды. Қоқыстан шыққан жағымсыз иіс ауаға тарауда. Полигон аумағында зертхана жүргізгенде, концентрацияның шектен тыс екені анықталды. Күкірт сутегінің нормадан тыс екені анықталды. Тиісті органдарға хабарладық. Бұл жағымсыз иістің себебінің біреуі болуы мүмкін. Тағы мониторинг жүргіземіз", - дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сағдат Хансейітов.
Өңірдегі тәуелсіз экологтар ескі полигонның экологиялық талапқа сай келмейтінін, сондықтан қоршаған ортаға қауіпті екенін хабарлады. Қаладан небәрі 6 шақырым қашықтықта орналасқан Қошқар ата көлі маңындағы бұл полигон 2015 жылы жабылған. Алайда экологтар бұл жердің әлі де ашық-шашық жатқанын хабарлады. Қоршау болмағандықтан, адамдар да емін-еркін кіріп қалағанын алып кетеді.
Сондай-ақ, тал түсте түрлі ауыр көліктер полигонның аумағын жағалап, құмын қазып алып жатыр. Бүгінде полигон кімнің балансында екені де белгісіз. Бұл сауалға облыстық және қалалық әкімдік те мардымды жауап бермеді дейді телеарна. Айта кету керек, Экология департаменті мамандары алдағы уақытта Ақтау қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан өндірістік аймақтағы зауыттарға да тексеру жүргізбек. Себебі аммиак өндіретін кәсіпорындардан шығарылған қалдық мөлшерден тыс көп болуы мүмкін. Былтыр дәл осындай себеппен бірнеше мекемеге 10 миллион теңге айыппұл салынған.