$ 494.87  520.65  4.91

«Өлген танысты көрдік. Ауырған туысты көрдік. Мен антиваксер емеспін» - қоғам белсендісі

Қоғам белсендісі Нұргелді Әбдіғани өзінің Facebook-тегі парақшасында елдегі вакцинацияға қатысты пікірін білдірді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Қоғам белсендісі Нұргелді Әбдіғани өзінің Facebook-тегі парақшасында елдегі вакцинацияға қатысты пікірін білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Ол жазбасында кей деректерге қарағанда Қазақстан халқының 29 пайызы ғана вакциналанғанын айтады. 10 тамыздағы ақпарат бойынша вакцинацияланғандар саны 5,8 млнға жуық көрінеді. Ал 2 компонентті алғандар саны 4,5 млнға жуықтапты.

«Соған қарамастан, елімізде антиваксерлердің агитациясы күшейіп барады. Себеп әртүрлі. Ол үшін біреу-міреуді айыптауға да асықпаймын. Індет өршіп, күн сайын жүзге тақау өлім жағдайы тіркеліп тұрған тар кезеңде, басқа-басқа, шенді-шекпендінің өзі мансап-беделін саудаға салып, той жасап жатқанда, Балғынбектердің сөзіне сенген жұртқа өкпелеудің өзі қиын... Жай ғана ақпарат болсын: Анау АҚШ-та халықтың 57, Германияда – 61, Францияда – 62, Италияда – 64, Испанияда – 68, Ұлыбританияда – 69, Канадада – 72 пайызы вакцинацияланған екен. 

Ал бізде ше? Бізде вакцинациялау жағдайы тығырыққа тіреліп тұрғандай. Сәйкесінше, елімізде шектеу шаралары мен локдаунның жуық арада алына қоймайтыны рас. Мұның кесірі – елдің күнделікті тұрмысына, экономикаға, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне жақсылап тиіп жатқанын өздеріңіз де біліп отырсыздар. Жалғыз экономика ғана емес, саясат, мәдениет, әлеуметтік сала т.б. жалғаса береді. Дәл осылай жалғаса беретін болса, халық та кедейлене береді. ШОБ құлдырайды, саясатқа деген наразылық та өрши түседі.

Құдайдың құтты күні, осы желіде «иманды болсын» деген ауыр сөзді кемі бір-екі адамға айтатын болдық. Қиын... Әсіресе, танитын, білетін, сыйлайтын, сыйласатын адамдардың арамыздан кетіп жатқаны ауыр...», дейді ол.

 Қазақстанда вакцинациялауға қатысты жағдай неге нашар? Бірнеше себеп айтуға болады:

ХАЛЫҚТЫҢ БИЛІККЕ ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІГІ

Мен бұл мәселені бірінші себеп деп атар едім. Билік тарапынан ұсынылатын, айтылатын кез келген ақпарат, соның ішінде вакцинациялау мәселесі де, бірден жалған немесе манипулияциялық ақпарат ретінде қабылданады. Халықтың сенім кредиті таусылар болған. Сондықтан да, бұл сенімсіздік – адамның өзін-өзі сақтау инстинктінен жоғары боп тұр. Сарапшылар айтпақшы, вакцинация мәселесі – үкіметке сенім референдумына айналып кеткендей...

БІЛІМ, ПАРАСАТ ДЕҢГЕЙІНІҢ ТӨМЕНДІГІ

Қазір әлеуметтік желіде әртүрлі гу-гу сөз желдей есуде. «Вакцина белсіздікке әкеледі екен», «бедеулікке әкеледі екен», «чип салады екен», «өйтеді екен де бүйтеді екен» т.б. көп. Құдай-ау, осыны: «Сен журналиссің ғой, білесің, рас па», - деп сұрағандарға аянышпен қараймын. Дап-дардай адам. Осынша жасқа жеткенше, өйтіп-бүйтіп өмір сүріп келген ғой. Не деп жауап беруге болады?.. «Менің бір танысымның пәленшесі айтты», - деп (солай десе сенімдірек болады деп ойлайды-ау), өз өтіріктеріне өздері сеніп тұрып айтқанда, теріс айналып кетіп қаласың. Ал шындап келгенде, сол өсек сөздің агитаторлары әлемде неше түрлі вакцина барын, оларды кімдер шығарғанын, қандай ғалымдар әзірлегенін, олардың бір-бірінен артықшылығы мен кемшілігі қандай екені туралы дымды да білмейтініне мен сенімдімін. Өздері өсектеп отырған сол вакциналар туралы бірде-бір ғылыми мақала оқымаған адамдар... Шаруа халықтың кейбір өкілдерін меңзеп отырмын. 

Бұл нені білдіреді? Бұл олардың қазақ ұлтының, Қазақстан халқының бір бөлшегі ретінде медицинаның, ғылымның жетістіктерін жоққа шығаруға саналы һәм бейсаналы түрде атсалысып жатқанын білдіреді. Ал бұл дегеніңіз – ол азаматтардың интеллект деңгейінің орташа немесе төмен екенін білдіреді.  

ПОПУЛИЗМ

Сосын әрине популизм. Антиваксерлер осы арқылы өздерінің танымалдылығын арттырып жатқаны да шындық. Сарапшылар 10 антиваксердің желідегі аккаунттарын шолып шығыпты. Жалпы аудиториясы – 6,2 млн адам екен. Қорқынышты. Қазақстанда бірде-бір саяси партияның мұншалықты аудиториясы жоқ.  Олар бірінші кезекте жоғарыдағы халықтың билікке деген сенімсіздігін өз агитацияларына сәтті пайдалануда. 

ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ ТӨМЕНДІГІ

Рас, әлеуметтік желілердегі ел-жұртқа сөзі өтетін біраз жұрт вакцинация тақырыбын айналып өтуге тырысады. Себеп – аудиториясынан айырылып қалмау. Өйткені, біздің қоғам сондай. Егер сен қазір билік ұсынған қандай да бір (мейлі дұрыс болса да) бастаманы қолдап жазсаң, әп-сәтте жермен-жексен етіп, жер-жебіріңе жеткізіп, жетпіс-жеті атаңның әруағын көтеріп, апаратын жеріңе апарып тастайды.
Мен саналы пікірмен келісемін, нанымды уәжге тоқтаймын. Ал көпірме, көп сөзге:  «Көлденең сөз к..ме», - деймін де қоғам алдындағы өз жауапкершілігімді түсініп, тіршілігімді жалғастыра беремін. Болды. Бітті. 

МЕН

Мен антиваксер емеспін. Рас, ең алғашында күдік-күмән болды. «Аламыз ба, қайтеміз», - дедік. Өзге жұртты көрдік. Өлген танысты көрдік. Ауырған туысты көрдік. Әлемдік ақпаратты бақтық. Ғылыми негізін іздедік. Шенеунікті тоқпаштау, өсек сөзге сену, медицина мен ғылымның бүгінгі мүмкіндігінен билікке деген сенімсіздіктің ықпалымен саналы һәм бейсаналу түрде бас тарту – мәселені шешпейтінін түсіндік. Сөйттік те, вакцина алдық. Өлгеміз жоқ. Тіріміз. Қоғамдық иммунитет керек. Бітті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары