Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қалада Ауғанстан босқындарын қабылдайды деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
Тоғыс тұрғын алабындағы N120 мектепте жаңа оқу жылына байланысты жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Еске салайық, әлеуметік желіде ауған босқындарының бір бөлігі Қазақстанға келетіні, оларға Шымкент қаласындағы 120-мектептің ескі ғимаратында орын дайындалғаны туралы хабар тарады.
Осы жағдайға қатысты ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап беріп, Мемлекет басшысының Ауғанстан босқындарын қабылдау туралы шешім қабылдамағанын мәлімдеді.
«Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады», - деп жазды ол.