Алматы тұрғындары Үлкен Алматы өзенінің қызыл түске боялғанына таңғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Видео Instagram-дағы kris.p.almaty.official тобында пайда болды. Бұл видео Сайран көлі маңында түсірілген деген болжам бар және химиялық заттар әсерінен судың түсі өзгеруі мүмкін.
Алматы әкімдігі мәліметінше, Жасыл экономика басқармасы мамандары экологиялық полициямен бірге оқиға орнына барған. Мамандар өзендегі су таза екенін, бірақ сонда да зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
Әкімдік қызметкерлері өзеннің төменгі жағынан қызыл су аққан іздерді анықтаған. Жасыл экономика басқармасы өкілінің айтуынша, судың қызыл түске боялуы Райымбек даңғылымен қиылысатын маңайда байқалады.
Ведомство біреу белгісіз затты өзенге ағызған болуы мүмкін деп болжады. Кінәлілерді экологиялық полиция анықтайды.