Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов өзінің де, қызының да ҰБТ-дағы былыққа түк қатысы жоқ екенін айтты. Сол үшін әртіс қызы дайындалған білім ордасына барып, ҰБТ-дан шеттетілген өзге де үш түлектің ата-анасын іздеді. Бірақ, Қабатовпен жақсы араласамын деген орталықтың директорын Тұрсынбектің өзі танымайтын болып шықты. Ал, Нұрбек Қанай есімді жігіт қылмыс жасағанын толық мойындап, бұл әрекетке не үшін барғанын, 8 бірдей жалған куәлікті қалай жасағанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Бауыржан Жәдігеров Тұрсынбек Қабатовпен жақсы араласамын десе, Қабатов бүгін бұл жігітті бірінші рет көріп тұрмын дейді. Екеуі қызылкеңірдек болып біраз дауласқан. Бірақ, танымал шоумен Бауыржан Жәдігеровті де, қызымды дайындаған Нұрбек Қанайды да мүлдем танымаймын деп отыр.
“Осы 140+1 мектебінде қызымның оқитынын білемін. Сол жерден ЕНТ-ға кеткенін де білемін. Қызым ЕНТ-ға кірді. Қызым ЕНТ-ны тапсырды. Бірақ ішіндегі жаңағы болып жатырған былықты жасаған кім екенін мен білмеймін! Жалған құжатты жасаған жаңағы Нұрбек па кім екенін білмеймін мен”,- дейді Қабатов.
Ал математик Нұрбек Қанай Әдемі Аманғали мен тағы үш түлектің орнына басқа адамды кіргізгенін мойындады. Сондағы мұғалімнің бар мақсаты - жоғарғы балл әперіп, миллиондаған оқырманы бар Тұрсынбек Қабатовтың Instagram желісінде жарқ етіп көріну екен.
“Әдемі жоғары балл алса ертең мен өзімнің авторитетімді көтеру үшін істедім. Просто процес былай ғой: Әдемінің фотосына Сымбаттың фотосын қоямын, просто ауыстыра саламын. Қалған ештеңені өзгертпеймін”,- дейді мұғалім Нұрбек Қанай.
Осылайша 13 маусымдағы ҰБТ-да Әдемі Аманғалидің орнына Нұрбек Қанайдың туған қарындасы Сымбат Қанай, Саодат Алиеваның орнына Дана есімді қыз, Бексұлтан Қаршығаның орнына Нұрлыбай, Күзенов Темірланның орнына Нұрислам тест тапсыру керек болған. Жоғары балл алып беруге келіскен олардың барлығы студент.
“Оригиналдарымен кірді. Әдемі Әдемі болып, Сымбат - Сымбат болып кірді. Тексерушілер көреді да: аа, жақсы деп кірді. Кіргеннен кейін логин, пароль береді ғой. Логин, пароль бергеннен кейін ауысып кетеді бір-бірімен. Сөйтіп ауысып кеткеннен кейін отырып, тапсырып жатқан кезде Сымбаттың орнына Әдемі отырып қойды ғой. Егер тексерушілер келіп жатса тексеріп жататын болса клавиатураның астында удостоверение бар. Жай ғана соны шығарып қойыңдар да Әдемі Сымбат болып отыра бер деген мәселе ғой”,- дейді мұғалім.
Бірақ көп ұзамай 102-ге қоңырау түсіп, сегіз адам ҰБТ-дан шығарылған. Нұрбек Қанай идеяны 4 түлектің ата-анасы білмейді дейді. Оған қазір қылмыстық іс қозғалған. Кінәмді мойындаймын деген Нұрбек Қанай қандай жазаға тартылатыны әзірге белгісіз. Ал, шоумен Тұрсынбек Қабатов бұл жайтты адвокат Абзал Құспан пост жариялағанда ғана білдім деп отыр.