$ 494.87  520.65  4.91

Маңғыстауда қуаңшылық салдарынан мал қырылып жатыр

Өңірдегі малды қыстан аман шығару үшін 77 мың тонна шөп қажет.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Маңғыстаулық шаруалар қуаңшылықтан төрт түлігі түгел қырылып қалмас үшін малын өзге өңірлерге көшіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Басым көпшілігі Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Оралға бағыт алған. Бұл – малды аман алып қалудың бір жолы дейді шаруалар. Жем мен шөптің жетіспеушілігінен Маңғыстауда әлі күнге дейін мал қынадай қырылып жатыр.

Тұрғындар күн сайын әлсіреп, әлі кеткен малды әлеуметтік желіге салып әлек. Үкімет бөлген 5 млрд теңгені Маңғыстау әкімдігі шаруаларға үлестірудің жолын таппай отыр.

Әлеуметтік желіде желдей ескен видео қазіргі Маңғыстау даласындағы жағдайды көрсетеді. Биылғы қуаңшылықтың салдары. Ел арасында мұны жұт дейді. Бірақ билік жұтты жоқ дейді. «Қабырғасы көрініп, құр сүлдері қалған жануарды аяғаннан басқа амал жоқ. Қанша баптасаң да енді қайта қатарға қосылуы екіталай» дейді шаруалар. Ендігі ойлағандары – қолда бар малын аман алып қалу. Сол үшін кейбірі төрт түлігін өзге өңірлерге көшіруге кіріскен.

«Менің өзімнен биылдыққа 7-8 бас кетіп қалды. Төрт үйір жылқымды және сәйгүлік аттарымды Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Шағатай ауылына жібердім. Жібермес бұрын осы облысты аралап қайтқанмын ерінбей. Сол уақытта көргеніме көзіме жас келеді. Жерде дым жоқ. Қу тақыр далп. Сосын биыл да ештеңе болмайды деп ойладым», - дейді шаруа Шадрах Ермекбайұлы.

Ал төрт түлігін басқа өңірге апара алмаған шаруалар қазір қыстан аман шығуды уайымдап отыр. Себебі, дұрыс жем-шөп жемеген көтерем малға 53 мың тоннадай жем қажет.

«Шөп пен жемді қысқа тасып алып арнайы базаларда қор жасақтау керек. Үкімет басшысының Маңғыстауға келген сапарындағы арнайы тапсырмасына сәйкес, 5 млрд 300 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Біз енді осы қаражатты қазір СПК «Каспий» арқылы бөліп жатырмыз. Бұған да біз арнайы оператор белгілейміз», - деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай  Трұмов.

Қуаңшылықтан зардап шегіп далада жатқан малға еріктілер су беріп әлек болуда. Кейбір мал орнынан тұрса, енді бірі сол жерде өліп кететінін айтады.

Олар ашқан арнайы есепшотқа тек Маңғыстау емес, басқа облыстардан, тіпті көрші елдерден қаражат жіберіп жатыр. Осы уақытқа дейін 2 млннің өнімін шаруаларға таратқан.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары