28 қыркүйек күні колледж ғимаратынан шығып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен алматылық бозбала қайтыс болып кеткен. Бұл туралы Informburo.kz порталы хабарлады.
Қаралы хабарды ең алғашқы болып Алматы қалалық Қоғамдық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі Ислам Угушев өзінің Фэйсбуктегі парақшасында мәлімдеді. 17 жастағы студентті іздеумен айналысқан ерікті азамат оқиғаның мән-жайы әлі белгісіз екенін, жігіттің неден қайтыс болғаны анықталып жатқанын ғана жазған.
Айта кетейік, Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенті 28 қыркүйек күні жоғалып кеткен болатын. Соңғы рет оны жоғалатын күні колледж ғимаратынан көргендер бар. Ол үйіне бару үшін оқу орнының ғимаратын тастап шыққан. Алайда, содан кейін ол із-түссіз жоғалыпты.
Ислам Угушевтің мәліметінше, студент баланың мәйіті қаладағы мәйітханалардың бірінен табылған.