$ 494.87  520.65  4.91

«Өз анасымен соттасқаны үшін еш шімірікпейді»: Марғұлан Сейсембай Мұхтар Тайжан арасындағы дауға нүкте қойды

Марғұлан Сейсембайдың сөзінше, оған ақпараттық шабуыл жасалған.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Танымал қазақстандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембай саясаткер Мұхтар Тайжан екеуінің арасында болған сотқа қатысты пікір білдірді.

Марғұлан Сейсембайдың сөзінше, оған ақпараттық шабуыл жасалған.

“Бас шабуылшылардың бірі Мұхтар Тайжан болды. Мұхтар Тайжанның арандатуына және эмоцияға берілген мен ақпараттың шабуылына жауап ретінде оның шынайы кейпін әшкерелейтін пост жарияладым. Оған жауап ретінде ол мені одан әрі нақақ қаралап, менің үстімнен сотқа шағымданды. Мен бұл істен хайп жасауды қаламағандықтан баспасөз өкілдерінің сотқа қатысуына қарсы болдым. Бірақ кейін Тайжанның сыңаржақ ақпарат беруін көрген соң, баспасөзді сот ісіне қатыстыруды сұрадым. Өткен жыл бойы өзіме қарша бораған нақақ қаралау сөздер мен жалған әңгімелерге қарамастан жанжалдарға араласудың сіздер үшін ұнамсыз екенін түсіне отырып, сіздерге деген құрметтен үндемей келдім және мұндай былықты өзім де ұнатпаймын. Алайда қазір бәрін жария етуім керек, өйткені сот маған осыны міндеттеді”, – дейді ол.

Бұған қоса, ол Тайжан орыс тіліндегі жазбаға шүйліккен.

“Мен тек бір тармақ бойынша жеңілдім, ол жерде «туған анасы мен әпкесін сотқа берді» деген сөздердің жала екендігі айтылған. Сот посттың орыс тіліндегі нұсқасына қатысты шешімді оның пайдасына шешті. Қазақ тіліндегі нұсқасына қатысты ол дауласа алмады, өйткені ол жерде «соттасқан” деп дұрыс жазылған. Сотта ол өз анасымен екі рет соттасқаны анықталды. Бірінші рет анасының «Өзінің күтіміне ай сайын 50 АЕК көлімінде алимент өндіріп алу бойынша» талабына қатысты, екіншісі жылжымайтын мүлікке қатысты дау”, – дейді кәсіпкер.

Айтуынша, Тайжан анасымен соттасқанын өзі де мойындаған.

“Менің сөзім Тайжанның ар-намысына тиіп, нұқсан келтіріпті. Оның ойынша, ол анасын «сотқа бермеген», қайта анасы оған қарсы сотқа арызданған. Ал ол өз анасымен соттасқаны үшін еш шімірікпейді. Мен әрине бұл жайтты көтергенім үшін қынжыламын. Егер ол қатардағы қарапайым адам болса, бұл мәселені ешқашан көтермес едім. Алайда ол халық алдында саясаткер, әрі адамгершілігі мол адам ретінде көрінуге үміт етіп жүр, сондықтан мұны айтпай кету дұрыс емес болар еді”, – деп қосты Сейсембай.

Марғұлан Сейсембай бұл сөзі үшін Тайжаннан кешірім сұрай отырып, халық шешімді өздері шығаратынын жеткізді.

Сот үкімі жайлы Мұхтар Тайжан да жазба қалдырды. Оның сөзінше, Сейсембай сот орындаушысының қысымынан кейін ғана кешірім сұрауға мәжбүр болған. Сондай-ақ, ол анасы мен әпкесін сотқа бермегенін айтып ақталды.

“Бұған дейін жазғанымдай, 2008-2009 жылдары маған қарсы эмоцианалды талап арыздар болды. Бірақ олар нәтижесіз аяқталды. Осы жылдар ішінде ол туралы біз өзіміз ұмытып кеттік. Осынша жылдан кейін ешкім ешкімге өкпе артпайды. Бірақ Марғұланға неге біреудің отбасылық шаруасын қайта көтеру керек болды – ол жағы түсініксіз”, – дейді Тайжан.

Саясаткер Марғұлан Сейсембайды кешіретінін сөз етті.

“Қыңыр-қисық кешіріміңе қарамастан Марғұлан, мен сені дәл осы сөздерің үшін кешіремін. Енді ешкімнің отбасылық шаруаларына араласпа. Бөтен отбасы – құпиясы көп орта. Сұрағың бар ма оны оппоненттің өзіне қой, оның отбасы шаруаларын талқылама, ол – басқа айналысатын шаруасы жоқ кемпірлердің ісі”, – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Мұхтар Тайжан кәсіпкер Марғұлан Сейсембайды абыройыма нұқсан келтірді деп айыптап, сотқа берген еді. Сот Сейсембайды кінәлі деп тауып, шағымданушыға 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары