$ 448.56  478.03  4.79

«Үлкен жетілік» елдері тәліптерге шарт қойды

"Үлкен жетілік" (G7) елдері радикалды "Талибан" қозғалысынан (Қазақстанда тыйым салынған) 31 тамызға дейін Ауғанстаннан кеткісі келгендерге кедергі жасамауды сұрады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

"Үлкен жетілік" (G7) елдері радикалды "Талибан" қозғалысынан (Қазақстанда тыйым салынған) 31 тамызға дейін Ауғанстаннан кеткісі келгендерге кедергі жасамауды сұрады. Бұл туралы G7 басшыларының сейсенбі, 24 тамызда онлайн форматта өткен төтенше саммит нәтижесі туралы бірлескен мәлімдемесінде айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Deutsche Welle және Euronews басылымына сілтеме жасап. 

Алда тәліптермен келісімге отыру жоспары бар. Бірақ бұл келісім, егер тәліптер Ауғанстаннан кеткісі келетіндердің бәрінің қауіпсіздігін қамтамасыз етсе ғана жасалады.

"Кез келген үкіметтің заңдылығы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауда қолданатын тәсілге байланысты", - делінген "Үлкен жетілік" басшылары мәлімдемесінде.

"Үлкен жетілік" ретінде ұсынатын бірінші шарт - "Талибан" 31 тамызға дейін Ауғанстаннан кеткісі келетіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беруі керек", - деді Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.

"Кейбіреулер мұндай жағдайда шарт жасау дұрыс емес екенін айтуы мүмкін. Ал біреулер бұл шарттың мағынасы тереңде екенін көреді, өйткені тәліптер шартты орындаса, біздің тараптан экономикалық, дипломатиялық және саяси жағынан қолдау болады", - деп қосты Джонсон.

АҚШ президенті Джо Байден АҚШ әскери күштері мен олардың одақтастарының Ауғанстандағы миссиясы тәліптер эвакуацияланатын адамдарға Кабул әуежайына кіруіне кедергі жасамаса 31 тамызда аяқталатынын мәлімдеді. Байден Пентагонға егер әскерді шығаруды кейінге қалдыру қажет болса, төтенше жағдайлар жоспарын дайындауды тапсырды.

Саммитте "Үлкен жетіліктің" Ауғанстан жөніндегі саясатын басқа елдермен үйлестіру туралы шешім қабылданды. Бұл "үлкен жиырмалық" тобындағы ынтымақтастық құруды көздейді, оған Ресей мен Қытай да кіреді.

Еуропалық Одақ ауғандардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қаржылық көмекті төрт есе арттыратынын мәлімдеді.

"Біз Ауғанстанға елдің дамуына көмек ретінде келесі жеті жылға миллиард еуро бөлдік. Бұл қаражат шарттардың орындалғанын дәлелдемейінше қатаң кепілдіктер мен сенімді іс-әрекеттер болмайынша жіберілмейді", - деді Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары