Павлодар облоысының Екібастұз қаласындағы мектептердің бірінің директоры қарамағындағы қызметкерлерін жәбірлегені үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды ЭК.
Жергілікті Pavlodarnews.kz тілшісінің хабарлауынша, Екібастұзда мектеп директоры өзімен бірге істейтін ұстаздарды қатты ренжіткен. Мұғалималар басшыларының жиі белінен құшақтап, сүюге тырысқанын, тіпті, үйге баруды ұсынғанын мәлімдепті.
Әйел мұғалімдердің бірнеше шағымынан кейін білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аймақтық департамент тексеру жүргізген. Айтылған деректер анықталып, директор әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ер адамға "өзінің лауазымын орындау кезінде мұғалімдерге құрмет көрсетпегені мен әдепсіз сөйлеу, ерсі мінез-құлық танытқаны үшін" айыппұл салынды.
Педагогтардың айтуынша, директордың осы әрекетінен кейін оларда қорлану, қорқыныш, күйзеліс, ұйқысыздық пайда болған. Осындай жағдай қайталана берген соң, мұғалімдердің бірі жұмыстан кетсе, ал екіншісі күресуді жалғастыруға шешім қабылдаған. Қызметкерлер моральдық өтемақы алу үшін директорды сотқа берді.
Алайда бұрынғы басшылары мұғалімдерді жала жапты деп айыптап, сотқа қарсы шағым түсірген. Оның айтуынша, ұстаздар БАҚ өкілдеріне ойдан шығарылған әңгімені айтып беріп, әлеуметтік желілерді шулатқан. Осының салдарынан директор да ауырып қалыпты.
Үш айға созылған сот барысында бұрынғы директор кінәсін мойындамады. Өзінің айтуынша, мұғалімдер одан кек алуды мақсат еткен. Өйткені директор қоластындағыларды жұмысындағы өрескел қателіктері үшін сынға алыпты.
"Мектептің бұрынғы директорының өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде мұғалімдерге құрмет көрсетпегені, әдепсіздік танытқаны анықталды. Мектеп директоры мұғалім ретінде мінез-құлықтың этикалық нормаларын сақтауы, ұжым мүшелеріне сыпайы және әдепті болуы тиіс. Әріптестерге қатысты ұрып-соғу, қорлау тәрізді әдістерге жол берілмейді, ", — деді судья.
Судьяның шешімі мұғалімдердің пайдасына шешілді. Педагогтар бұрынғы басшысынан моральдық шығын ретінде миллион теңге өндіріп беруді сұрағанымен, сотта өтемақы мөлшері төмендетілді. Егер жауапкер сот шешіміне қатысты шағымданбаса, онда мұғалімдердің әрқайсысына 300 мың теңгеден төлеп, олардың сот шығындарын өтеуі тиіс.