Түркістанда 1984 жылы туған Өзбекстан азаматы азаматтық некедегі әйелін 5-қабаттан құлатып жіберді деген күдікке ілінді деп хабарлайды Paryz.kz, Түркістан қаласы мамандандырылған тергеу сотына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сүйенсек, 4 шілде күні 37 жастағы азамат мас күйінде Отырар ықшам ауданында жалдап тұратын пәтерде азаматтық әйелін ұра бастаған. Келіншек үйден қашып шыққысы келген, алайда, ер адам есікті құлыптап, кілтті тартып алған.
Амалы таусылған келіншек балконға жүгіріп шығып, төменгі қабатқа түспек болған. Осы сәтте ер адам оның қолынан ұрып, бесінші қабаттан құлатып жіберген. Алған жарақаты салдарынан келіншек оқиға орнында көз жұмған. Ал ер адам оқиға орнынан ізін суытқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің тұлғасы мен мекенжайын анықтап, оны 16 тамыз күні ұстаған. Сонымен қатар күдікті қылмыс жасағанын мойындаған. Айыпталушының сөзінше, мұндай жантүршігерлік қылмысқа баруына қызғаныш себеп болған, өйткені келіншек басқа ер азаматтармен танысып, ілтипаттарын қабылдап жүрген көрінеді. Аталған факті бойынша бірқатар сараптама тағайындалған.
Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (Қасақана кісі өлтіру) бойынша қаралып жатыр. Тергеу судьясының үкімі бойынша тергеу кезеңінде күдікті қамауда болады.
Тергеу жұмыстары жалғасуда.