FlyArystan компаниясының айналасында тағы да жанжал шықты. Ақбота Жакабаева есімді қазақстандық әйел әуе ұйымының бортсеріктерін баласын ұшаққа отырғызбай қойды деп айыптады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ақбота Жакабаева баласы Алматыдан Атырауға ұша алмай қалғаны туралы айтып редакциямызға шағымданды. Әуе компаниясы кәмелеттік жасқа толмаған балаға арнайы ақы төлеу керектігін ескертпестен билет сатып, артынша Ақботаның ұлын ұшақтан түсіріп тастаған.
“Ұлым Уахит Амир 5 тамыз күні KS 7202 рейсімен 20:20-да Алматы-Атырау бағыты бойынша ұшу керек еді. Бірақ ұлым толық тіркеуден өткеннен кейін, ұшақ бортынан шығарылды. Бортсеріктер кәмелетке толмаған балалар ата-анасыз ұшу үшін бір тәулік бұрын 10 мың теңге көлемінде ақы төлеу керектігін рейске отырғызу басталған кезде бірақ айтқан. Сайт арқылы билетті алдын ала сатып алған кезде мұндай шарт болған жоқ. Біріншіден, балам ұшаққа отыруға тіркеуден өтті.1,5 сағат бұрын ағасымен келіп, қажеттінің барлығын жасады. Бірақ баламды рейстен шығарып жіберген. Тіпті оқиға орнында он мың теңге төлем жасауға мүмкіндік бермей баламды әуежайға қалдырып кеткен”, – дейді келіншек.
Атыраулық әйелдің сөзінше, баласы оқу орнына құжат тапсыруы керек болған. Алайда ол әуе компаниясында болған олқылықтардың кесірінен кешігіп, басқа ұшақпен баруына тура келген. Келіншек компаниядан моральдік және материалдық шығынды өтеуді талап етті.
“Ағасы мән-жайды анықтамақ болғанда билетті баламның көзінше жыртып, оны ұшақтан шығарып, қалдырып кеткен. Балам техникумға түсуі үшін Атырауға ұшуы керек еді. Олқылықтардың кесірінен балам құжаттарын өткізе алмай қалды. Бұл тек материалдық емес, моральдік шығын. Баламның психологиясына бұл жағдай кері әсер етті, біз де қатты уайымдадық”, – деп түсіндірді ол.
Оқиғаға қатысты FlyArystan әуе компаниясы түсініктеме берді. Олар жағдайды бақылауға алғандарын және жақын арада мәселенің шешілетінін айтты.
“Жакабаева Ақботадан келген шағым ішкі тексеріске жіберілді. Әуекомпания өкілдері жолаушымен хабарласуда”, – дейді компанияның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде Айсұлу Санғали есімді қолданушы FlyArystan компаниясы арқылы қызын ұшақпен жалғыз жібермек болып, ақырында қызы қажетті жерге жете алмағанын жазған болатын.