Жамбыл облысында әскери қойма жарылысынан зардап шеккендер саны 60-қа жетті.
Бұған дейін 32 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Қалалық ауруханаға жеткізілген зардап шеккендердің саны 60 адамға дейін көбейді, олардың ішінде 11 әскери қызметші.
"Тараз қаласының №1 қалалық ауруханасына түрлі жарақаттармен 60 адам түсті, оның ішінде 11 әскери адам (сауалнама мәліметтері нақтылануда)", - делінген әкімдік хабарында.
Журналист Жасұлан Әбдіхалықтың айтуынша, Байзақ ауданындағы алапат жарылыстың дүмпуі Тараз қаласына естіліп жатыр. Сондай-ақ ол Алматы-Тараз трассасы Ақшолаққа жетпей жабық тұрғанын айтты. «Байзақтың ауылдары арқылы айналып өттік. Ауылдан қалаға жеткенше алты- жеті қатты дүмпу болды. Көлікті шайқап келеді. Жолаушылардың бұл бағытқа жолға шықпағаны абзал. Елдің бәрі үрейленіп жатыр. Өз басым жолда тұрған екі-үш адамды көлігіме отырғызып алдым. Снаряд па, оқ па, әйтеуір бірдеңе жарылып жатыр. Жол жабық болған соң айналып өтіп бара жатырмын. Жарылыс болған Королевка жақтағы ауылдар жан жаққа қашуда. Жолда адамдардың абыр-сабыр болуынан кептелес болып жатыр. Қазір солардың арасымен жүріп келемін. Әр бір 5 минут сайын дүмпу болып жатыр. Жарылыстың даусы қатты естіліп тұр. Басында жай-жай болған еді. Қазір снаряд секілді қатты естіліп жатыр. Тоқатамай тұр. Ауылдардың арасымен Тараз қаласына жете алмай келе жатқанымызға жарты сағат болды», – дейді ол.
Айта кетсек, жарылысқа қатысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз твиттерінде пікір білдіріп, ел тұрғындарын сабырлы болуға шақырған болатын.
"Өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, әскери қызметшілер,дәрігерлер және жұмылдырылған барлық адамдар белсенді жұмыс жасауда. Өкінішке қарай, зардап шеккендер саны артып келеді. Бірақ,жағдай бақылауда. Тараз қаласы мен ауыл тұрғындары сабырлы әрі сақ болуы керек".