$ 498.34  519.72  4.85

Ninety One концертін ұйымдастырушылар ақтөбеліктердің жарылыспен қорқытқанын айтты

Ақтөбеде Ninety One тобының концертін ұйымдастырмақ болғандар кедергі келтіргендерді сотқа беріп жатыр. Олар болмай қалған концерт үшін 6 миллион теңге талап етуде деп жазады Times.kz.

Естеріңізге салайық, Орталық стадионда өтуі тиіс болған Ninety One тобының кеші 30 қыркүйекке жоспарланған еді. Алайда, концертке бірнеше күн қалғанда өздерін жергілікті зиялы қауым өкілдеріміз деген бір топ адам іс-шараны өткізбеуді жергілікті биліктен талап етті. Жергілікті асабалар мен әншілерге Ninety One вокалистерінің боялған шашы, құлақтарына таққан сырғалары мен қыздар секілді боянуы ұнамаған.

"Біз стадион басшыларымен және жекелеген бірнеше адаммен соттаспақпыз. Олар санкцияланбаған митинг ұйымдастырып, бүкіл халықтың атынан сөйледі. Олар жергілікті музыканттар, бәрін танимыз. Яғни, біз секілді концерт ұйымдастырушылары. Олар бізді жарылыс жасаймыз деп қорқытты. Өңірде орын алған соңғы оқиғалардан кейін біз қорқып, концертті кейінге қалдырдық. Енді 5-6 миллион теңге шамасында шығынға батып отырмыз. Өйткені, әншілерге алдын ала төлеген ақшамыз бар, жарнама мен қонақ үйге төлегеніміз бар. Әуе билеттерін кері өткіздік. Ninety One тобы Ақтөбеге сол күйі ұшып келген жоқ", - дейді концерт ұйымдастырушысы Алмаз Жарасқанұлы.

Ұйымдастырушылар сондай-ақ, сатылған билеттердің ақшасын кері қайтарып беретінін де мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары