04.10.2016, 09:49

Қазақстанда 350 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж - Бас прокурор

Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов Үйлестіру кеңесінің жиынында мәлімдеді деп хабарлайды аталған органның баспасөз қызметі.

Бас прокурордың айтуынша, елдегі алимент қарызының көлемі 2 млрд теңгеге жуықтапты.

«Елімізде 5 милионнан астам бала бар. Бұл халықтың үштен бір бөлігі. Балалар үйінде 32 мың жетім бала бар, олардың 70%-ның ата-аналары бар. 350 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Бүгінгі күні алименттер бойынша қарыз 1,8 млрд. теңгені құрып отыр. Сараң әкелер, алименттер төлегісі келмегендіктен, өз балаларынан жасырынады. Табыстарын төмендетіп көрсетеді», - деді Ж.Асанов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда алименттер бойынша проблемаларды шешу үшін нақты шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, соңғы үш жыл ішінде балаларының алдында қарызы бар 13 мың ер азаматтың елден кетуіне, көлік басқаруына тыйым салынған екен. Сонымен қатар, Бас прокуратурамен «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы әзірленіп, жақын күндері жүзеге аса бастайды.