$ 494.87  520.65  4.91

Бүгін - жалпыұлттық аза тұту күні

Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Бүгін елімізде Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қаза болған азаматтарды еске алуға арналған Жалпыұлттық аза тұту күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.

«Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», - деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.

Ақорданың ресми сайтында төтенше оқиға салдарынан бірнеше адамның қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы Президент Өкімі шықты.

«Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2021 жылғы 29 тамызда жалпыұлттық аза тұту жариялансын», - деп жазылған Өкімде.

Азалы күннің жариялануына байланысты кешеден бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымымен елдегі мешіттерде бейбіт күнде шейіт болған әскерилер мен құтқарушылардың рухына бағыштап Құран хатым оқылып жатыр.

ҚМДБ өкілдерінің айтуына қарағанда, Құранның 114 сүресін оқып шығу үшін әр өкілдік, облыс имамдары аудан-аудандағы мешіттерге әр параны бөліп берген. Аза тұту күні белгіленген сәттен бастап хатым оқу басталып кеткен. Бүгін сағат 10.00-де кешеден бері бағышталған Құран хатымның дұғасы оқылады. Елордада Құран бағыштау рәсімі Әзірет Сұлтан мешітінде өтеді.

Жалпыұлттық аза тұту күнінің белгіленуіне орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ қызметіне олардың интернет-ресурстарын рәсімдеуге байланысты ұсынымдарды жариялады. Онда ел аумағында тіркелген барша БАҚ-тың интернет-ресурстарына Жалпыұлттық аза тұту күнінің мазмұнымен сәйкес 10 түрлі шара қабылдау ұсынылған.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Әуелі оқ оқиға орнына ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев бастаған ведомстволық комиссиясы барып, жарылыс ошағына жақын орналасқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірудің қамына кірісті.

ҚР Төтенше жағайлар министрлігінің мәліметі бойынша, оқиға орнына ең жақын орналасқан 3 елді мекенде 1086 адам тұрады. Жарылыс кезінде олардың 710-ы облыс орталығына эвакуацияланған.

Жалпы оқ-дәрі қоймасындағы өрттің кесірінен база аумағында оннан астам жарылыс болған.

Соңғы дерек бойынша сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті. Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірер адаммен байланыс орната алмай отыр.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Сондай-ақ, ол Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне Жамбыл облысындағы оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді тапсырды.

Кеше Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жарылыс салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Сарыкемерде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, әрбір қаза тапқан азаматтың отбасына 20 млн теңгеден астам қаржылай көмек қарастырылғанын айтты. Қажет болса, тұрғын үй мәселесін жергілікті әкімдікпен бірге шешуге болатынын да жеткізді.

Бұған дейін қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жарияланған еді.

1. 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай.>

2. 1979 жылы 8 қазанда туған старшина Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков.>

3. 1981 жылы 20 маусымда туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов.>

4. 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Дәлібаев.>

5. Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры әділет полковнигі Арман Қапезов>.

Қайтыс болғандар арасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері де бар.

1. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қ. 3-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушы Арнұр Серікұлы Темірболатов.>

2. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қ. 3 – ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушы Елдос Қадырбайұлы Сандыбаев>.

3. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, өрт сөндіру басшысының орынбасары Александр Николаевич Микропуло>.

4. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қаласы 1 – МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушы Тәңіберген Кұдайбергенұлы Төребеков>.

5. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары М.К.Айманов>.

Тәртіп бойынша, Жалпыұлттық аза тұту күнінде мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің, шекаралық дипломатиялық мекемелердің ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Ойын-сауықтық шаралар мен осы бағыттағы телебағдарламалар тоқтатылады.

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні осымен оныншы рет жарияланып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жарылыс #Аза