$ 447.4  477.55  4.76

Ақерке Шопатаева – Қазақстандағы санаулы әйел ұшқыштардың бірі

Оның міндетіне ТЖ орнынан адамдарды эвакуациялау, зардап шеккендерді тасымалдау, өрттерді сөндіру кіреді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

35 жасар Ақерке Шопатаева – Қазақстандағы санаулы әйел ұшқыштардың бірі. Оның міндетіне ТЖ орнынан адамдарды эвакуациялау, зардап шеккендерді тасымалдау, өрттерді сөндіру кіреді. Із-түзсіз жоғалғандарды іздеу де  Ақеркенің міндеті. Ол қызметтегі 11 жылында бойындағы бар күшін сарп етіп келеді. Skifnews.kz ақпараттық порталы мемлекеттік органдардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қызметін, оның ішінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметін ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру мақсатында кейіпкер ретінде дәл осы батыр қыз Ақерке жайлы баяндамақ.

Ақерке аспанда өзін тыныш және еркін сезінетінін айтады. Ол өзінің көкке ұшқан сәтін күлімсіреп еске алады. Ол кезде әлі бала еді, тіпті ұшқыш боламын деп ойламаған көрінеді.

«Бала кезімнен спортпен шұғылданып, жарыстарға барып жүрдім. Сондықтан, нұсқаушы біздің мектепке келіп, аэроклубқа шақырған кезде, мен бірден қуана келістім. Анам қарсы болады деп ойладым, бірақ ол мені қолдады. Алғаш инструктормен штурвалға отырғанымда қатты қорықтым. Бұл ЯК-52 ұшағы болатын. Тіпті көзімді жұмып, толқып кеттім. Бірақ жерге қонған соң, ұшқыштардың жұмысына деген қызығушылығым арта түсті, өз ісімді тапқандай болдым және содан кейін ұшқанда қорықпайтын деңгейге жеттім», - дейді өзі.

Көп ұзамай ол авиация колледжіне оқуға түседі. Топта Ақерке жалғыз қыз бала болғандықтан, оған деген көзқарас ерекше болмаған. Тіпті, ер адамдар қыз баланың қолынан бірдеңе келетініне күмәнмен қараған, ал оқытушылар диспетчер болуға үгіттеген.

«Әрине, олар үшін бұл бұрын-соңды болмаған ерекше нәрседей көрінді. Мен бәрін жақсы түсіндім және мұндай әңгімелерге сабырлы қарадым», - деп еске алады ол. 

Оқудан кейін де Ақерке бірақ қиындықтарға тап болған. Бірнеше жыл бойы жұмыс таба алмайды.

«Мен біраз жыл жұмысқа орналаса алмадым. Себебі, көп мекеме тәжірибелі қызметкерлерді іздейтіндерін айтты, бірақ іс жүзінде ешкім қыз баламен байланысқысы келмейтінін жақсы түсіндім. Содан кейін мені күтпеген жерден «Қазәуеқұтқаруға» шақырды. Директордың «өкінішке қарай, ұшақтың екінші ұшқышына бос орын жоқ, бірақ бізге тікұшақ басқаратын адамдар қажет. Келісесің бе?» дегені есімде. Мен ойланбастан: «келісемін, сыпырғыш берсеңіз де келісемін, тек көкке ұшсам болды», - деп жауап бердім, - дейді Ақерке.

Содан бері ұшқыш әйел апаттың түр-түрін көріп, қолдан келгенше қиындықтарды еңсеріп келеді. Бірақ бәрінен бұрын ол алғашқы рейстерді ұмытпайтынын айтты.

«Сол кезде Алматы облысында жаппай жол-көлік оқиғасы орын алып, бірден бірнеше көліктің жолаушылары зардап шекті. Біздің әріптестеріміз апаттан зардап шеккен адамдарды төтесінен айтқанда түрлі металл арасынан кесіп алып жатты.  Бұл сәттерді ешқашан ұмытпаймын. Көліктердің бірінде бала бар ерлі зайыптылар келе жатқан екен. Анасы ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Ал нәресте рейс межелі жерге жеткенше анасының өлі денесіне қарап жылап келді. Бұрын-соңды мұндай жағдайларды бастан өткермеген едім, осы оқиғадан кейін  өз-өзіме келе алмай ұзақ жүрдім», - дейді ол.

Құтқарушы қыз көбінесе ауқымды өрттерді сөндіру шараларына да баруына тура келеді.

«Талдықорғанда дала өртеніп, жан-жақтан өрт шыққаны есімде. Өрт елді мекенге жетпеуі үшін жалынды тыныштандыру қажет болды. Біз екі күн бойы отпен арпалыстық, суды жинау мен ағызудың 40-45 циклын жасадық. Қатты жел тұрды, қою қара түтінде тікұшақты басқару оңай болмады. Бұл менің еңбек жолымдағы ең алапат өрт еді», - дейді ұшқыш.

Ақерке жұмыстағы кәсібилікке қатысты ойымен де бөлісті. 

«Ұшқыш нұсқаулықты бес саусағындай білуі керек. Оны жетік меңгеріп, жіті бақылауда ұстай білуі қажет. Бұл – өте жауапты мамандық. Бортта жолаушы болмағанның өзінде ұшқыш өзінің ғана емес, экипаж мүшелерінің өміріне де жауап береді. Болашақ пилоттардың бұл мамандыққа асқан жауапкершілікпен қарағанын қалар едім. Салқынқанды, байсалды қарау қажет. Себебі тікұшақ қатені кешірмейді. Сондықтан әсіре мақтанға салынбай, ой жылдамдығын дамытып, тәжірибе жинап, түрлі жағдайға дайын профессионал болуға ұмтылу керек», - дейді ол.

Ақерке осы қызметінде жары Азаматты кездестірді. Алғашында ол Ақеркенің өзі ұшқан тікұшақтардың борт механигі болып жұмыс істеген. Кейде ерлі-зайыптылар бір экипаж құрамына қатар түскен кездері де болған екен. Бүгінде ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары