$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандық өрт сөндірушілер Түркиядағы орман өртімен 8 тәулік бойы арпалысқан

Жұмыс басталғаннан бері орман өрттерінің ошақтарына барлығы 300 тоннадан астам су 80 рет жіберілді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Шілденің соңында Түркияда әлем елдерін елең еткізген алапат орман өрті тұтанды. Тілсіз жаумен күреске бірқатар мемлекеттер қол ұшын созды, олардың арасында Қазақстан да болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркияға өрт сөндіретін екі арнайы тікұшақ пен 16 құтқарушы жіберілді. 

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ екі тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өрттерін сөндіруге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына жіберді», деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Қазақстандық құтқарушылардың жергілікті түрік билігімен өзара іс-қимылын Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі үйлестірді. Сондай-ақ, Қазақстан өртенген аумақтардағы орман жамылғысын қалпына келтіруге гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті екені де айтылды. Отырғызылған орман қазақ және түрік халықтарының арасындағы достық пен бауырластық байланыстардың символы болмақ. Осы ретте Skifnews.kz ақпараттық порталы бауырлас мемлекетке көмекке ұмтылған өрт сөндірушілердің ерен еңбегі жайлы материал дайындады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда болған алапат өрт салдарынан елдің экономикасы мен туристік базасына орасан зор шығын келгеніне және азаматтардың денсаулығына ауыр зардабын тигізгеніне байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға ниеттестік білдірген жеделхатын жолдады. Қазақ Президенті өз жеделхатында бауырлас түрік халқына гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайип Ердоғанға елдегі табиғат апатына қарсы күресте сәттілік тіледі.

Қазақстандық тікұшақтар 11 тамызда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел жиынтық тобы құрамында 16 құтқарушы және су-ағызу құрылғыларымен, баллонеттермен, сондай-ақ зардап шеккендерді құтқаруға арналған шығыр құрылғысымен жабдықталған «Қазәуеқұтқару» АҚ Ми-8АМТ Қазақстанда құрастырылған 2 тікұшағы Каспий теңізінің үстінен ұшып өтіп, Кавказ тауларын кесіп өтіп, ауа райының қолайсыз жағдайларына қарамастан Даламан қаласына жектен. Қазақстандық жедел құтқару тобы орман өрттерін сөндіру бойынша құтқару жұмыстарына дереу кірісті.

Түркиядағы өртті сөндіруге ұшқан экипаждың құрамындағы жедел топтың офицері Әсет Жылқайдаров бұл сапардан өздеріне маңызды тәжірибе жинап қайтқанын жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 7 тамыз күні ҚР Төтенше жағдай министрлігінің 2 тікұшағымен 16 құтқарушы гуманитарлық көмек аясында Түркиядағы өртті сөндіруге шыққанбыз. Сол топтың құрамында мен де бармын. Жедел топ ондағы Даламан ауданында шоғырланып, өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Халықаралық деңгейдегі миссияға қатысу арқылы үлкен тәжірибе жинадық деуге болады», - дейді экипаж мүшесі.

25 тамызда қазақстандық құтқарушылар елге оралды. ТЖМ жеке құрамы өз алдына қойылған міндеттерді толық орындай алды. Орман алқабында тараған өртпен күресу үшін құтқарушылар 8 тәулік бойы ауқымды жұмыс жүргізді. Жұмыс басталғаннан бері орман өрттерінің ошақтарына барлығы 300 тоннадан астам су 80 рет жіберілді. Тікұшақтар Даламан қаласының маңында жұмыс істеді.   

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бұл көмектің тегін көрсетілгенін баса айтты.

«Өздеріңізге белгілі, биылғы жаз Түркияда өте ыстық болды. Орталық Азияның көп елінде, соның ішінде Қазақстанда да солай болып тұр. Ол жақта ірі өрт ошақтары тіркелді. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін Түркия тарабы қосымша күштер тартты. Ел басшылығы Қазақстанға көмек сұрап жүгінгендіктен Мемлекет басшысы көмек көрсету үшін жедел топ жіберу туралы шешім қабылды. Көптеген елдерден айырмашылығымыз – біз бұл көмекке гуманитарлық сипат беріп, тегін көрсеттік. Яғни, біздің топтың бүкіл шығыны Қазақстанның өз есебінен төленді», - деді ол.

Айта кету керек, «Қазәуеқұтқару» мекемесінің тікұшақтары өз тарихында ең алғаш рет осындай алыс сапарға шығып тұр. Сапардың бір жағы ғана 4 мың шақырымнан асады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары