$ 444.22  476.38  4.82

Еліміздің барлық өңірінде Құран хатым дұғасы оқылды

10.00-де бір мезетте Құран оқылып, қазаға ұшыраған марқұмдардың рухына бағышталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Жалпыұлттық аза тұту күніне орай бүгін еліміздің барлық мешітінде Құран хатым дұғасы оқылды деп хабарлайды Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайты.

Бас мүфти бастамасы негізінде жүзеге асқан игі іске еліміздің барлық өңіріндегі құлшылық ордалары бірыңғай үн қосып, жергілікті уақыт есебімен сағат 10.00-де бір мезетте Құран оқылып, қазаға ұшыраған марқұмдардың рухына бағышталды. 

Еліміздің бас мешіті "Әзірет Сұлтанда" өткен сауапты шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар арнайы қатысып, Құран хатым дұғасын жасады. Қасиетті Құран аяттарынан болған сауапты марқұмдардың рухына бағыштап, жарылыстан зардап шеккен жамбылдық жерлестерімізге сабыр мен шыдам, жеңілдік сұрап бата қайырды. 

Айта кетейік, бірнеше жанның өмірін жалмап, айналасын отқа ораған қайғылы оқиғаға орнына қазіргі уақытта еліміздегі барлық өкілдіктің ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. 

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Соңғы деректер бойынша, барлығы 13 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алған. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары