Алматыда Республикалық жедел құтқару жасағының қызметкерлері тауда адасып кеткен үш туристі құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
28 тамыз күні республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне, Үлкен Алматы шыңына барар жолда адасып кеткен үш жас турист туралы хабарлама келіп түсті. «Оқиға орнына республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы шықты. Туристер құтқарушыларға қай жерде екендерін түсіндіре алмады.
Жасақ қызметкерлері жергілікті жерді жақсы білетіндіктерінің арқасында, жігіттердің шамамен орналасқан жері – Проходное шатқалы мен Аюсай шатқалының арасы деп пайымдады»,- деп хабарлады республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметі.
Қараңғы түскендіктен кез келген шатқал арқылы көтерілу мүмкін емес, дауылдың салдарынан рельеф тік және адам аяғы басқысыз болды. Жедел топ жетекшісі зардап шеккендерге Үлкен Алматы шыңы (теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте) арқылы жетуге шешім қабылдады.
«29 тамыз түнгі сағат 02.30-да жедел топ туристерді тапты. Жастардың мұздап қалғандары болмаса, жалпы жағдайлары жақсы болды. Зардап шеккендерге су және жылы киімдер ұсынған РЖҚЖ құтқарушылары, жігіттерді түсіруге кірісті. Ол үшін екі шатқалды бөлетін жотаға шығу керек болды. Туристердің физикалық дайындығының болмауына және тас құлау қаупіне байланысты, құтқарушылар өте баяу және асқан қырағылықпен қозғалды»,- делінген хабарламада. Құтқарушылар туристерді төменге түскі сағат 11.15-те түсіріп, туыстарына тапсырды.