$ 446.49  475.38  4.79

«Өрт сөндіруші оқиға орнына шыққан сайын майданға аттанғандай болады» - Бауыржан Сыздықов

«Бұл салаға келгелі әуел бастан сезінген бірінші дүние – болып жатқан жағдай үшін жауапкершілік болды» , - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖ департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Сыздықов.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 қазандағы Жарлығымен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ елдің азаматтық қорғанысы саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Содан бері 25 жыл ішінде төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1 миллион 353 мыңнан астам сапар жасалған екен. Жауынгерлер мен мамандардың қызметі, кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында 374 мыңнан астам адам құтқарылды, ТЖ әртүрлі аймақтарынан 334 мыңнан астам адам эвакуацияланды, ал 55 мыңнан астам зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. 

Дәл осындай апаттардың басы-қасында жүретін ержүрек азаматтың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы ТЖ департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Сыздықов жайлы Skifnews.kz ақпараттық порталынан оқыңыз.

Бауыржан Сыздықов әуелде медицина бағытында эпидемиолог-гигиенист мамандығын алып шыққан. Оған қоса фельдшерлік бойынша медицина училищесін тәмамдаған. Жоғары оқу орнын 2000 жылдарда аяқтайды. Дәл осы жылдары әскерде  медик-офицерлер тапшы еді. Азаматтық борышын өтеуге шақырылған мезгілде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Төтенше жағдайлар департаментіне түседі.

«Авариялық-құтқару жұмыстарына да, қар құрсауында қалғандарды шығаруға, су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуға, адамдарды таудағы селден құтқаруға, өрттерді сөндіруге тура келді. Яғни, мен жақсы тәжірибеден өттім», - деп еске алады өзі.

Әскерден келгеннен кейін ол РФ ТЖМ Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсіп, оны аяқтаған соң бірден ҚР ТЖМ орталық аппаратында басқарма бастығы етіп тағайындалады, онда үш жылға жуық қызмет етеді. Бауыржан Сыздықовтың келесі қадамы Ақтөбе облысы болды, онда ТЖ департаменті бастығының орынбасары ретінде жібереді және 2014 жылдың тамызында ТЖМ мен ІІМ қосылғаннан кейін ол басшылық қызметке дейін көтеріледі. Бұл жұмыста ол бес жыл қызмет етіп,  2019 жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖ департаментінің бастығы етіп тағайындалады. 

«Бұл салаға келгелі әуел бастан сезінген бірінші дүние – болып жатқан жағдай үшін жауапкершілік болды. Мүмкін, бұл – менің оқиға орындарына тек ТЖ қызметкері ретінде ғана емес, бөлімше командирі бола отырып, өз адамдарымның қауіпсіздігіне жауап беретінімді шын сезінгеннен болар деп ойлаймын. Ұмытуға болмайтын тағы бір нәрсе – өзің құтқаруға келген қиындыққа тап болған адамдардың көздері. Олардың көзқарасын құр сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мен және қызметкерлерім әлі күнге дейін өзіміз құтқарған адамдардан алғыс естіп келеміз», - дейді ол.

Бауыржан Сыздықов салдары үшін барлық жауапкершілік тек өзіңнің иығыңа түсетінін біле отырып, шешім қабылдау да қиынның қиыны екенін айтады. 

«Менің осындай шарасыз жолмен қабылдаған алғашқы шешімім есімде. Тау шатқалына босанған әйелге ұшу керек болды, бірақ тас қараңғыда тікұшақпен ұшу мүмкін емес еді. Мен ТЖ қызметкерлерінің жеке құрамы, ұшқыш, бортинженер ғана емес, сондай-ақ азаматтық медперсоналы бар тікұшақты түн ішінде көкке көтеру немесе босанған әйелдің өлуіне жол беру сияқты шешімнің алдында тұрдым. Сол жолы бәрі жақсы аяқталды, бірақ ол жағдай әлі есімде», - дейді құтқарушы.

Полковник қызмет жолында болған ең ауыр кезең жайында да ой қозғады.

«2018 жылы Ақтөбе облысында автобус жанып, Өзбекстанның 69 азаматы өртеніп кеткен жайт естеріңізде болар. Біздің құтқарушылар олардың қалдықтарын біртіндеп жинауға мәжбүр болды. Сенім телефонына қоңыраулар 17 елден келіп түсіп жатты, бұл өте қиын сәт болды. Қайтыс болғандардың денелерін алып кетуге туыстары келгенде, олардың ғана емес, сонымен бірге біздің барлық құтқарушы жігіттердің де бойында әлсіздік пен құлазу сезімі болғанына күмәнім жоқ», - деп еске алды ол.

Бауыржан Сыздықов қазақстандық өрт сөндірушілердің басқа мемлекеттердегі әріптестерінен іс жүзінде еш айырмашылығы жоғын айтады.

«Барлық жерде олардан батылдық пен жинақылықты талап етеді, сонымен қатар біздің құтқарушылар «өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» деп аталатын бөлімшеде қызмет атқарады. Яғни, олар өрт сөндіруші ғана емес, сонымен қатар, құтқарушы және фельдшерлік қызметті де қатар алып жүр. Түрлі күрделілік дәрежесіндегі өрттерді сөндіре отырып, үйінділерді тез тазартады, жол-көлік оқиғаларына барады, көп қабатты үйлердің төбесінен адамдарды түсіреді, басқаша айтқанда, біздің жігіттер тек өрт сөндіруші ғана емес, әмбебап құтқарушы екенін баса айтқан болар едім»,- дейді ол. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары