$ 494.87  520.65  4.91

Қабатовтың жұбайы қызына тіл тигізген желі белсенділерін сотқа беретінін айтты

Ол ашық тұрған жараға тұз сеуіп, әр түрлі сөздер жазып, жалған ақпаратпен тұншықтырып жатқан әлеуметтік желі белсенділеріне налимын деп отыр.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

ҰБТ-ға байланысты басы дауға қалған белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқанова желіде жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауапсыз қалмайтынын жеткізді, деп хабарлайды ЭК.

"Бала дегенде әрбір әке-шешенің шығар жаны бөлек. Дәл қазір біздің отбасымызға жасалып жатқан ақпараттық шабуылға үнсіз қалып отырған жоқпыз. Біз іске көштік. Жақында ақ-қарасын дәлелмен ажыратып, халық алдында есеп береміз. Тек уақыт керек. Өмірде жалған жала арқалағаннан асқан сорақылық жоқ екен. Дәл қазір менің ана ретінде жүрегім қарс айырылып жүр. Өзіміздің қазақ бауырларымыздың бізді "халық жауы" етіп көрсетуге сонша талпынып жатқаны күйіндіреді", — деп жазды Мөлдір Мұқанова.

Ол ашық тұрған жараға тұз сеуіп, әр түрлі сөздер жазып, жалған ақпаратпен тұншықтырып жатқан әлеуметтік желі белсенділеріне налимын деп отыр.

"Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" — деп Абай бабамыз келтірген жолдар қай кезде де өзекті. Қазақты жығып беретін, жығылған кезде жұдырық беретін де өз қазағымыз. Халық алдында ұпай жинау үшін, "охват" пен лайк санын көтеру үшін теріс ақпарат таратқан, жеке бастың құқығын таптаған, бойжеткенге тіл тигізген әр блогер, жазушы, желі белсендісі заң алдында жауапсыз қалмайды. Өмірге өкпелі адамдар өзгелерді сөккісі келеді де отырады", — дейді Тұрсынбектің жұбайы.

Еске салып өтсек, бұған дейін адвокат Абзал Құспан Әдемі Тұрсынбекқызы Аманғалидың орнына тестілеуге Еуразия ұлттық университетінің екінші курс студенті, грантта оқып жүрген Сымбат Қанай тест тапсыруға кіргенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын.

Кейін Қабатовтың өзі бұл ақпаратқа қатысты түсінік беріп, болған жайтты растады. Алайда әзілкеш бұл істен бейхабар екенін және заңбұзушылыққа қызын тестке әзірлеген білім орталығының мамандары кінәлі екенін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары