$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбе облысында Ойыл өзенінің балығы қырылып жатыр (видео)

Өзеннің Алтықарасу ауылы маңындағы бөлігі тартылуға қараған. Тұрғындар өзеннің бөлініп қалғанын, суы бар жерлерде балықтың қырылып жатқанын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатыр.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Ақтөбе облысы Темір ауданы Алтықарасу ауылы маңындағы Ойыл өзенінің тұсы ластанып, балық қырылып жатыр, деп хабарлайды ЭК.

Өзеннің Алтықарасу ауылы маңындағы бөлігі тартылуға қараған. Тұрғындар өзеннің бөлініп қалғанын, суы бар жерлерде балықтың қырылып жатқанын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жатыр. Өзенді құтқару мақсатында құрылған "Ойыл өзені" тобының жетекшісі, дәрігер Нұрлан Есенғазы өзеннің экологиялық апат алдында тұрғанын айтады.

— Кеше таңертең ауыл тұрғыны малды суару үшін өзенге әкелсе, су ішпепті. Өзеннің бетінде өлі балықтар қалқып жүр. Шабақ, балықтар жағаға шығып жатыр. Тұрғын бейнежазбаға түсіріп, ватсаптағы топқа салды. Өзеннің суы күн сайын азайып барады. Кей жерлері құрғап кеткен, — дейді табиғат жанашыры.

Темір ауданы әкімдігінің мәліметінше, өзеннің бір шақырымдай жерінде өлі балықтар су бетіне шығып қалған. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін "Тобыл-Торғай" облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясына, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық экология департаментіне хат жолданған. Құзырлы орындардың өкілдері зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жолға шығыпты.

Өзеннің тартылып бара жатқаны 5-6 жылдан бері айтылып жүр. Нұрлан Есенғазы бастаған белсенді азаматтар былтырдан бастап мәселені нақты қолға алыпты.WhatsApp, Telegram әлеуметтік желілерінде топ құрған. Бұл бастамаға Атырау облысы Қызылқоға ауданының азаматтары да қосылды. Тиісті орындармен бірлесіп, өзеннің тартылу себебін анықтады.

Нұрлан Есенғазының айтуынша, өзенге құятын шағын өзектер мен бұлақтарды бөгеп тастаған. Табиғат жанашырлары әзірге 57 бөгетті анықтаған. Егер тікұшақпен тексерсе, одан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

"Өзен жағалған жұрт су таппай жатса, суармалы егістігі бар және балық өсіретіндер өзенді бөгеп, саудамен айналысып отыр", — дейді Нұрлан Есенғазы.

Мәселен, Мұғалжар ауданына қарасты Талдысай, Еңбек ауылы маңындағы 30 бұлақ Ойылға құйылуы керек. Алайда бұлақтарға салынған бөгет суды жібермей тұр. Облыс әкімдігі мен тиісті министрлікке осы мәселенің барлығы айтылыпты. Әзірге тексереміз, шара қолданамыз дегеннен басқа нақты жұмыстар жасалмаған.

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице министрі Серік Қожаниязов тамыз айының соңында Атырау облысына жұмыс сапарымен барған кезде, бөгеттердің мәселесі осы аптада шешілетінін айтқан. Алайда әзірге ешқандай шара қолданылмаған.

Бұған дейін де Ойыл өзенінің экологиялық апат алдында тұрғанын жазған едік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары