ЭК тілшісі халық санағына онлайн түрде қатысып, қойылған сұрақтарға жауап беріп көрді.
"Бұл санақ өзге санақтарға қарағанда өзгерек"
Бұл санақты 2019 жылы өткізу керек болатын. Алайда 2019 жылы 2020 жылға қалдырды, ал 2020 жылы пандемия болғандықтан, 2021 жылға қалдырды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Қайрат Келімбетов "бұл санақ өзге санақтарға қарағанда өзгерек" деген болатын. Яғни кеше басталған санақ барынша цифровизациялық мүмкіндіктерді қолдана отырып өтетін болады. ЭК тілшісі айтылған цифровациялық мүмкіндікті барынша қолдану мақсатында санаққа арнайы ашылған сайт арқылы халық санағына қатысты.
Өкінішке орай https://sanaq.gov.kz/ сайтын бірден табу мүмкін емес. Ғаламтордан "Халық санағы — 2021" немесе "Халық санағы онлайн" десеңіз бірінші сайт емес, жаңалықтар легі шығады. Мүмкін сайт әлі де танымал болмағандықтан Google мен Yandex сайтты бірінші көрсетпейтін болар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ұлттық санақтың онлайн түрін алғашқы күні 32 мың адам пайдаланған.
Сайт арқылы онлайн санаққа бірнеше әдіспен қатыса аласыз. Мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" АҚ-ның базасында тіркелген ұялы телефон нөміріне келген арнайы код арқылы кірдім. Бірден өзімнің аты-жөнім мен туылған жылымды және жасымды көрсетті. Әрі қарай сұрақтар легі басталады.
Қате аудармалар және сұрақтардағы артық сөздер
Биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Санаққа онлайн қатысу үшін үйіңіздің құжаттары мен үйіңізде бірге тұратын адамдардын жеке сәйкестендіру нөмірін де алдын-ала дайындап қойған жөн. Өйткені өзіңізбен қатар бірге тұратын адамдардын жеке деректерін жазасыз.
Бірден көзге түсетіні — тікелей және калькалы аударма. Қазақша сұрақтарда артық сөздер және сөйлемдер мағынасын жоғалтып тұр. "Осы үй шаруашылығы шегінде бірінші жазылған респондентке Сіздің қатысыңызды көрсетіңіз" деген сұрақтың мағынасын қазақ тілін жетік білетін адамға түсіну қиын. Егерде қазақ тілін енді үйреніп жүрген адам өзінің патриоттық сезімін білдіру мақсатында санаққа қазақша қатысса, онда ол адам бірнеше сұрақтардан кейін орыс тілден таңдайтыны сөзсіз.
"Тұруға пайдаланатын үй-жайдың типін көрсетіңіз" деген сұраққа жауап берер кезде, ұзақ ойлануға тура келеді. Өйткені сұрақтың құрылымы қиын және жеке тұрғын үйде тұратын болсаңыз "Бір пәтерлі үй" нұсқасын таңдауыңыз керек. "Сіз қандай үйде тұрасыз"? деп сұрақты қойып "Жеке тұрғын үйде" "Көпқабатты үйде", "Саяжайда" немесе "Басқа" деген нұсқа болса, бәрі де түсінікті болар еді.
"Сіз мемлекеттік тілді меңгергенсіз бе?" деген сұраққа "Йә" деп жауап берсеңіз, онда "Мемлекеттік тілді күнделікті қолданып жүрсіз бе" деген сұраққа да жауап бересіз. Бұл сұрақ артық болып көрінді. Сондай-ақ "Қол жеткізген білім деңгейіңізді көрсетіңіз" деген сұрақты жәй ғана "Сіздің біліміңіз қандай?" десе, бәрін де түсінікті болар еді.
"Сізге кім көмектеседі?"
"Сіз көзілдірік, линза кисеңіз де, Сізде көрумен қиындықтар бар ма?" немесе "Сіз есту аппаратын кисеңіз де, Сізде естумен қиындықтар бар ма?", "Сізде жүру немесе баспалдақпен көтерілу кезінде қиындақтар бар ма?" деген сұрақтардың құрылымы да мағынасы да дұрыс емес. Кейін "Көзілдірік, линза кисе де, көрумен қиындығы бар қазақстандықтар саны осындай процентті құрады" деген статистикалық ақпарат тараса таңғалмаңыз.
Бес жастағы және одан да үлкен респонденттер үшін "Сізге қандай да бір адам көмектесе ме?" деген сұраққа жауап беруге тура келеді.
Сондай-ақ сіздің тұратын үйіңіздің қандай материалдан салынғаны, көлемі мен бөлмесі туралы сұрақтар болады. Бұл сұрақтарға көптеген адамдар қажетті құжаттарсыз жауап бере алмайтыны анық. Сол себепті үйдің құжатына бір көз жүгіртіп алуға кеңес беремін.
Орташа есеппен санақ сауалдарына жауап беруге 20-25 минут қажет. Тек сұрақтарды толықтау түсініп, қажет болмаса аудармасын қарап, асықпай жауап берген жөн. Қосымша сұрақтар болса 1446 call-орталығына хабарласуға болады.
15 қазанға дейін азаматтар санаққа онлайн режимде қатыса алатынын еске сала кетейік. Үй аралап жүргізілетін санақ 1-30 қазан аралығында өткізіледі. Бұл кезеңде онлайн санаққа қатыспаған тұрғындардың дерегін санақ жүргізушілер арнайы планшетке енгізеді. Екі жыл қатарынан кейінге қалдырылған Ұлттық санаққа 9 млрд 100 млн теңге бөлінді. Бұл 2009 жылғы халық санағына бөлінген сомадан 7 есе көп.