«Ашық диалог 2» сұхбатының кезекті санында ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев азаматтық мамандық иелерінің айлығын арттыру мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұғалімдердің айлығын көтергенде де дәл осылай сынағандар болған. 2020 жылы мұғалімдердің айлығы өсті де, педагогика мамандығына түсу балы көтерілді. Яғни әлеуеті жоғары мамандар педагогика барып жатыр деген сөз. Соның арқасында білім сапасы да артады. Ауылға қаладан көшіп барып жатқан жас педагогтердің саны қазірдің өзінде өсіп жатыр. Бұған дейін оларды ауылға шақырудың түрлі жолын пайдаланған едік.
«Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бойынша да үндедік. Бірақ мұғалімдердің айлығын көтеріп едік, үдеріс табиғи сипатта жүре бастады. Бір жылдың ішінде ғана ер педагогтердің үлесі артқанын тіркедік. Бұл өте маңызды мәселе. Біздің педагогикада гендерлік теңгерімсіздік өте жоғары. Тіпті мұғалімдік әйел адамдардың мамандығы деген түсінік қалыптасып кеткен», - деген Дәурен Абаев кез келген салада мамандардың сапасын айлықтың мөлшері айқындайтынын атады.
«Айлық төмен болғандықтан, ер адамдар педагогика мамандықтарына өте сирек баратын. Ал балалар психологтары педагогтердің арасында гендерлік баланстың болуы маңызды екенін айтып отыр. Әсіресе ұл балаардың психологиясы үшін маңызды көрінеді. Педагог ер адам олар үшін еліктеуге тұрарлық үлгі бола алады. Сондықтан мұғалімдердің айлығын көбейту әмиянның ғана шаруасы емес, жүйелік шара болатын. Сіз айтып отырған 600-дей азаматтық қызмет мамандықтарының беделі де осы мәселеге байланысты. Айлық неғұрлым жоғары болса, оған баратын нағыз мамандардың саны да соғұрлым артады» - деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.