04.09.2021, 14:43

«Сайқымазақ деді». Атырау тұрғыны қызын мұғалімдер қорлағанын мәлімдеді

Фото: ашық дереккөз
Өйткені, оқушы қыз мектепке шашына қызғылт жіптер байлап барған.

Атырау тұрғыны қызын мектепте мұғалімдер қорлағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Зульфия Искалиева қызы бірінші оқу күні, яғни 2 қыркүйек күні №16 мектептен жылап келгенін айтты. Оның айтуынша, мұғалімдер мектеп оқушысын «сайқымазақ» деп атаған. Өйткені, оқушы қыз мектепке шашына қызғылт жіптер байлап барған.

«Баланы бүкіл сыныптың алдына шығарып «сайқымазақ» деп атаған. Мұғалімдер тәрбие, мәдениет, этика туралы айтқанды жақсы көреді де, өздері жасөспірімді бүкіл сынып алдында дөрекі түрде қорлайды. Сынып жетекшісі баланы қорламадым деп бұл туралы сөйлескісі келмеді. Ал, бала қорланған кезде не сезінгенін айтудың өзі қиын. Енді анаң мектепте болған жағдайды қоғамдық талқылауға салды деп тиісуі де мүмкін, мен оған да дайынмын», - деп жазды әйел фейсбукте.

Бұл жағдайға Атырау қаласының білім бөлімі пікір білдірді. Шенеуніктердің айтуынша, оқиға болған күннің ертеңінде қалалық білім бөліміне Искалиеваның өзі, мұғалім және мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы шақырылған.

«Әр тарап өз пікіріне қатысты түсініктеме берді. Тараптардың пікірін тыңдадық. Болашақта мұндай оқиғалар кезінде ата-анадан мектеп әкімшілігіне немесе қалалық білім бөліміне хабарлауды сұрадық. Мектеп директорына мұғалімдерге этика туралы айту тапсырылды», - деді департаменттегілер.