04.09.2021, 22:19

Паралимпиада ойындары аяқталды: Қазақстандық спортшылардың нәтижесі қандай

Фото: ашық дереккөзі
Қазақстан дүбірлі додада барлығы 5 медаль алды.

 Қазақстандық спортшылардың 2020 жылғы Токио Паралимпиадасында медальдар кестесі бойынша қай орын алғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пара таэквондошы Нышан Өмірәлі ел құрамасынан соңғы сайысқа қатысқан спортшының бірі болды.

Ол 75 келіде алғашқы жекпе-жегінде коста-рикалық Андрес Эстебан Молинадан 6:12 есебімен жеңіліп қалған еді. Дегенмен аталған қарсыласының финалға шығуына байланысты Нышан жұбаныш жекпе-жегінің ширек финалына шықты. Онда марокколық Рашид Алауиді 24:8 есебімен жеңіп, қола жүлдеге таласуға қол жеткізді.

Қола жүлде үшін сайыста қазақстандық спортшы мексикалық Франиско Педросқа 15:18 есебімен есе жіберді.

Осылайша Қазақстан дүбірлі додада барлығы 5 медаль алды. Олардың 1-і алтын, 3-еуі күміс, 1-і қола медаль. Жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар 51-орынға табан тіреді

Тегтер: паралимпиада