$ 494.87  520.65  4.91

«Бос жер жау тартады». Мәжіліс депутаты ШҚО-дағы Қытаймен шектесетін аудандар үшін алаңдайды

Ерлан Сайыровтың айтуынша, халықтың Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарынан көшу процесі тоқтамаған.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров ұлттық қауіпсіздік мәселесіне, соның ішінде ШҚО-ның Қытаймен шекаралық аймақтарына алаңдап, жазба қалдырды.

«Мына алай-дүлейі көп, шым-шытырығы мол, күрделі геосаяси заманда өзіміздің «етек-қолымызды» жиып алмасақ, еліміздің болашағы бұлыңғыр болуы ықтимал!

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамассыз етудің барлық амалдарын жасауымыз керек!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аймақтық саясатын жүйелендіру жөнінде талап қойды.

Осындай өте күрделі мәселе мемлекетіміздің шекаралық аудандары, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шектесетін аудандардың мәселесі», - дейді депутат.

Бұл өңірде азаматтарды өте алаңдататын бір жәйт - өңір Қытаймен шекаралас орналасқан, азаматтардың басым көпшілігі «арғы беттің» экономикалық, басқа да ықпалының күшеюіне уайымдайды. 

«Арғы бетте» халықтың сығымдылығы артып, транспортттық, жол, адами инфрақұрылымы шекараға тірелген. Тек қана Тарбағатай ауданымен Қытайдың шекаралас аймақтарында 300 мың халық шоғырланып отыр деген ақпарат бар. (Біріккен Тарбағатай ауданында 38 мың ғана халық тұрады).

Әрбір мемлекеттің тұрақты дамуының басты факторларының бірі - халықты рационалды орналастыру.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы (жойылған) Қатон-Қарағай ауданында 1995 жылы 22 мың халық болса, қазір 5 мың халық, Марқакөл ауданында 25 мың халық болса, қазір 8 мың, Тарбағатай ауданында 45 мың халық болса, сол ауқымда 19 мың халық қалған. Азаматтардың көшу процессі әлі де тоқтаған жоқ», - дейді Ерлан Сайыров.

Бұл проблеманың басты себебі: 1997 жылы оңтайландыру аясында бұл аудандар жабылып, аудан орталықтары ішкеріге (Үлкен-Нарын, Күршім, Ақсуат) көшірілген.

«Бос жер жау тартады» деп атамыз бекер айтпаған, аудандардың халқын «болашақта бізді Қытай басып алады» деген қорқыныш жаулап алған.

Халықтың жаппай ішкеріге көшуін сол халық «Қазақстан мемлекетінің Қытайдан шегіне бастауы» деп қабылдауда.

Егер халықтың «орталыққа шегінуі» ары қарай жалғаса беретін болса, перспективада бұл аймақтар ел-жұртсыз территорияға айналу қаупі бар», - деді депутат.

2018 жылы Алматы облысының әкімшілігі, орталықтан қосымша қаржы сұрамай, ешқандай у-шусыз  Кеген ауданын екіге бөліп, шекарада орналасқан бұрынғы Нарынқол ауданын Райымбек ауданы атап, қайтадан құрды.

«Қазір ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы үздік, инвестиция тартылуда, халық көбеюде.

Ең негізгісі, халықтың моральдық рухы өсуде, мемлекетке сенім жоғары.

Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Катон-Қарағай, Марқакөл,Тарбағатай аудандарын қайтадан қалпына келтіру - мемлекеттік қауіпсіздіктің басты факторы. Халық мемлекеттен осындай нақты  шешім күтіп отыр.

Депутат, Nur-Otan партиясы фракциясының мүшесі ретінде маған осы өңірдің азаматтары «Неге шекараны қорғауға мемлекет көңіл бөлмейді? Ал басқа өңірлерге ойын-сауық  объектілері үшін миллиардтаған қаржы бөледі» деген сұрақтарды көп қоюда.

Дұрыс сұрақ! Өкіметтің бұл мәселеге назар аударатын уақыты жетті! Ұлттық қауіпсіздікті қалыптастыру - мемлекет мүддесінің басты аспектісі болуға тиіс!», - деді Ерлан Сайыров.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары