06.09.2021, 18:20

Абайда зорланған баланың әжесіне көмек үшін әлдекім 6 млн теңге аударды (видео)

Фото: the-village-kz.com
Осыдан үш жыл бұрын резонанс тудырған оқиғадан соң жасөспірімдер зорлаған баланың әжесі енді жаңа баспанаға көшеді.

Осыдан үш жыл бұрын резонанс тудырған оқиғадан соң жасөспірімдер зорлаған баланың әжесі енді жаңа баспанаға көшеді, - деп хабарлайды ЭК.

Бұл жағымды жаңалықты зорлық-зомбылыққа қарсы «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі Facebook парақшасында бөлісті. Оның жазуынша, Asar ume қайырымдылық қорының өкілі Асхат Нұрмашевқа бейтаныс оқырманы қомақты қаржы аударып, оны зорланған баланың әжесіне табыстауды өтініпті.

«Asar ume» қайырымдылық қорының өкілі Асхат Нұрмышев қыркүйектің басында жұмыс бабымен Шымкентке барды. Оқырмандарының өтінішімен ол зорланған баланың әжесіне қандай көмек керек екенін білу мақсатында Абайға да ат басын бұрған еді... Кешегі жексенбіде ол тағы да Абайға барды. Бұл жолы жағымды жаңалықпен. Оның оқырмандарының бірі есепшотына 6 млн теңге аударыпты. Және де әжейге үй сатып алып беруін өтінген», -деп жазды Дина Таңсәрі.

«Не молчи» қорының негізін қалаушы қуанышты хабарды әжейге жеткізген сәттің видеосымен бөлісті.

«Апамызға 6 млн теңгені жеткізіп берсеңіздер, ол қаржыға сол ауыл немесе басқа қаладан үй алсын» деп бізге оқырманымыз хабарласты. Сол аманатты орындайық деп шештік. Сіздер бүгіннен бастап үй іздей беріңіздер. Мына тұрып жатқан үйіңізді сатып екі үй аласыз ба, оны сіз шешесіз. Үй іздеуге бір-екі апта кететін шығар. Тапқан кезде хабарласыңыздар, ақшаны бірден аударамыз»,-деді қайырымдылық қорының өкілі.

Ал немересі зорланған әжей бүкіл Қазақстан жұртшылығына алғысын жеткізді.

Еске салсақ, осыдан 3 жыл бұрын Түркістан облысы, Абай ауылында 7 жасар баланы бірнеше жасөспірімнің зорлаған-ды. Қоғамдық резонанс тудырған оқиға 2018 жылдың көктемінде жария болды. Бір жылға жуық қаралған істе төрт бала күдікке ілінді. Олардың үшеуі 14 жасқа толмауына байланысты жауапкершіліктен босатылса, біреуі жаза арқалады. Сот шешімімен айыпталушы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.