Денсаулық сақтау министрлігінің санэпидбақылау комитеті оқушыларға коронавирусқа қарсы вакцина алдап салынатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Stopfake.kz порталына сілтеме жасап.
Қазнетте оқушылардың ата-анасына диаскинтест және тұмауға қарсы екпе саламыз деген жолмен алдап қол қойдырып алып, коронавирусқа қарсы екпені салуға мәжбүрлейді деген ақпарат тарап жатыр.
Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды.
"Диаскинтест - бұл адамның туберкулезбен ауыратындығын анықтайтын нақты тест. Бұл барлық балаларға көрсетілмейді. Ол тек манту сынамасы оң нәтиже берген мектеп оқушыларына ғана жүргізіледі. Диаскинтест мектептерде салынбайды, оны туберкулез диспансерлерінде тек ата-ананың келісімімен ғана салады. Мектеп қабырғасында тұмауға қарсы екпеде салынбайды. Сонымен қатар, бүгінде Қазақстанда да, басқа елдерде де тұмаудан және коронавирустан бір мезгілде қорғайтын поливакциналар жоқ.
Осылайша, ата-аналарды балаларына екпе салдыру үшін алдап келісімге қол қойдырады деген қауесет жалған. Біздің елде мектеп қабырғасында диаскинтест те, тұмауға қарсы екпе де салынбайды", - деді департаменттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Бұған дейін манту тестінің орнына мектеп оқушыларына коронавирусқа қарсы екпе жасырын түрде салынатыны туралы қауесет жоққа шығарылған болатын.