$ 522.49  547.88  5.06

Азапталып өлген жігіттің туысы: «Терісін кесіп, жеп қойған ба бұлар?»

Түркістан облысында азаппен көз жұмған 24 жастағы жігіттің туыстары жантүршігерлік оқиғаға байланысты тың деректерді айтып берді. Сондай-ақ жігіттің соққыға жығылған сәтінің видеосымен бөлісті, деп хабарлайды ЭК.

24 жастағы Бекасыл Айбек тамыздың 17-сінен 18-іне қараған түні бұзылған көлігін жөндеушілерге ақша апарып беру үшін үйінен шығады. Қалтасында 150 мың теңге болыпты. Алайда сол кеткеннен үйіне қайтып оралмаған. Түнгі сағат 2-лер шамасында телефонына мүлдем қоңырау бармай, туыстары бір күн бойы оны оралар деп күткен екен. Ертеңіне полицейлерге арыз түсірген.

Марқұмның әкесінің ағасы Нұрлан Абановтың айтуынша, оның мәйіті 19 тамыз күні Түлкібас ауданындағы егістік алқаптан табылған.

"Бізге 19-ы күні Түлкібастағы мәйітханадан хабар келді. Бардық, ініміз екенін таныдық. Түрін танығанымен, денесінде сау тамтығы жоқ. Әбден ұрып-соққаны көрініп тұр. Денелері жырылған, терісін кесіп алып, жеп қойған ба бұлар? Не істегенін білмеймін бұлардың... Қолдарын көрсеңіз, терісін опырып алған. Бірақ Түлкібастағы мәйітханадағылар "Жерлей беріңіздер, жігіт өз қанына өзі тұншығып өлген" деп ауызша қорытынды айтты. Бұл қалай сонда? Ойланып қараңызшы, әбден азапталғаны айдан анық көрініп тұр. Оның денесін көршілес жатқан Түлкібас ауданына тастап кеткен. Аяқ-қолы байланған. Сонда ол сол жерге өзі ұшып барып, тұншығып өле ме?", — деді марқұмның туысы.

Қара жамылған отбасының туысы жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын да баяндап берді.

"Оқиғаның қалай болғанымен тергеу кезінде таныстық, видеосын көрдік. Інімді өзі тұратын Сайрам ауданындағы автокөлік жуу орнында екі жігіт ұрып-соққан. Ондағы бақылау камерасынан соққыдан жерге құлағанын көруге болады. Содан кейін інім қимылсыз жатқан. Кейін екі күдікті тағы бір танысын шақырып, мәйітті көршілес ауданға алып барған екен. Бірақ інімнің үстіндегі майкасы, шұлығы тап-таза. Мен ойлаймын, бұлар көлік жуу орнында ізді қалдырмау үшін денесін әбден жуған. Кейін аяқ-қолын байлап, мәйітті егістік алқапқа тастап кеткен", — деп сөзін жалғады Нұрлан Абанов.

Бекасыл Айбектің туыстары түлкібастық полицейлер мен прокуратураға сенімсіздік танытқан. Кейін іс оқиға болған Сайрам ауданына өткен.

"Сайрамдағы полицейлер енді қимылдап жатыр, екі күдікті өткенде ұсталып, қамауға алынды. Кеше тағы бір күдікті қамалыпты. Ол мәйітті көлігімен Түлкібасқа жеткізген жігіт дейді. Біз енді Шымкенттегі сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Әлі қорытындысы шыққан жоқ. Менің естуімше күдіктілердің бірі Шымкентте прокуратурада істейтін бір азаматтың туысы екен" — деген марқұмның туысы бұл істе бір шикіліктің барын сезетінін айтады.

"Меніңше, мәйіт сол лауазымды адамның кеңесімен жасырылған болуы да мүмкін. Және жауыздықпен өлтірілген қылмыстық іс жабылып, кінәлілер жеңіл жаза ала ма деп қорқамыз. Біз қылмыстық істің егжей-тегжейлі тергеліп, бұған қатысы бар барлық адам тиісті жазасын алса екен дейміз. Сол үшін де іс бұрмаланып кетпей, ел Президенті, ІІМ, Бас прокурордан жағдайды жеке бақылауларына алуын сұраймыз" — деп сөзін түйіндеді Нұрлан Абанов.

Бақилық болардан бұрын 24 жасқа толған жігіттің артында жұбайы мен 2 жасар қызы және 6 айлық ұлы қалып отыр. Ал әкесі 1-топтағы мүгедек (екі көзі де көрмейді: автор).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары