07.09.2021, 15:20

«Келінім бетімнен ұрды»: Павлодарда зейнеткерге қол көтерген әйел жазаланды

Фото: ашық дерекөз
45 жастағы қала тұрғыны мас күйде болған.

Павлодарда алкоголь ішіп, жанжал шығарған әйел жазаланды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласының полициясына 72 жастағы қала тұрғыны көмек сұрап хабарласқан. Оның 45 жастағы келіні алкоголь ішіп, зейнеткермен қарым-қатынастарын анықтап, кейін зейнеткердің бетінен ұрғаны туралы шағымданды. Ұрып – соққаны үшін 45 жастағы тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар күрделі әлеуметтік проблемалардың бірі екенін атап өтті. Тәжірибе көрсеткендей, отбасы мен тұрмыстағы адамдар арасындағы туыстық қатынастарға қарамастан, қатынастардың дәл осы саласы әртүрлі қақтығыстарға бейім.

Полицейлер отбасындағы зорлық-зомбылықты анықтауға және оның алдын алуға, спиртті асыра пайдаланатын адамдарды анықтауға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы тұрмыстық қылмыстардың жолын кесуге бағытталған алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Өкінішке орай, көбінесе жәбірленушілердің өздері қылмыстар туралы жеткізбейді.

Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлары отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 2181 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Құқық бұзушының мінез-құлқына 412 ерекше талап белгіленген. ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 476 адам тартылды.

Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп, отбасылық-тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимылда күш-жігерін арттыруды жалғастыруда. Зорлық-зомбылық болуы мүмкін отбасыларға ерекше назар аударылады. Бұрын сотталған адамдарға, сондай-ақ қоғамға қарсы өмір салтын жүргізетін азаматтарға бақылау жүргізіледі.