$ 494.87  520.65  4.91

Кіші Арал теңізіне су құйыла бастады (видео)

Қамбаш пен Ақшатау көлдеріне үш жылдан бері Сырдариядан таза су түспеген.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Аспай тоспасы іске қосылып, Аралдың Қамыстыбас көлдер жүйесіне су жіберілді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Арал ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қамбаш пен Ақшатау көлдеріне үш жылдан бері Сырдариядан таза су түспеген.

Аспай суағытқысы қазір жөнделді. 1974 жылы асарлатып салынған бұл тоспа Сырдариядан келген суды бірден келесі бетке лақтырмай, Қулы және Жасұлан деген каналдарға жібереді. Су одан ары Ақшатау, Қамбашқа ағады. Көлдер өз деңгейінде толғаннан кейін артық су Аспайдан асып, қашыртқы каналдары арқылы кіші Арал теңізіне барып құяды.

Бұрын істен шығып қалған Аспай су тоспасының тиімділігі сол, енді жергілікті көлдер суландырылып, сәйкесінше қысқы мал азығына қажетті шөп дайындау мақсатындағы шабындық алқаптардың көлемі артады.

Бұған дейін Бұрмақұлақ арнасы бөгеліп, каналдарға су жіберіле бастаған болатын.

Су бөгеу жұмыстары облыстық бюджет есебінен жүргізілсе, Аспай суағытқысын жөндеу жұмыстары қызылордалық Болат Өтемұратов қорының көмек қаржысы арқылы жүзеге асырылды.

Аспай тоспасы арқылы Сырдарияның суын 58-деңгейге дейін көтеруге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда Бұрмақұлақ учаскесінің Сырдария арнасында су деңгейі көтеріліп, Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесінен бөлек каналдар да су ала бастады,-деп хабарлады Арал ауданының Баспасөз қызметі.

Биыл Аралдағы қуаңшылық жағдайына байланысты Төтенше жағдай жарияланғанын айта кету керек. Ресми мәліметтер бойынша қуаңшылық салдарынан топырақ құнарын жойып, шөп шықпай, 559 мал басы қырылды. Бірінші кезекте мал басын аман сақтап қалу үшін су ұңғымаларын қазу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыруға каналдар тазаланып, су тоспаларын салу тапсырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары